Ақтөбеде жол апатынан екі адам көз жұмды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбедегі Хромтау-Аққұдық тасжолында жол-көлік оқиғасы болып, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін сағат 00:30-да болды. Хромтау аудандық полициясының кезекші бөліміне 75 шақырым жерде жол апаты болғаны туралы хабарлама түсті. Алдын ала болжам бойынша, Nissan Teana автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі Аққұдық ауылы маңында қарсы жолаққа шығып кетіп, Хромтау ауданының 44 жастағы тұрғынының басқаруындағы «Ваз-2115» автокөлігімен соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ-2115» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Одан бөлек, Nissan Teana автокөлігінің жүргізушісі мен «ВАЗ-2115» автокөлігінің үш жолаушысы Хромтау қаласындағы ауруханаға жатқызылды. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбе-Атырау тасжолында жол-көлік апаты болып, әйел мен оның қызы көз жұмған. Байғанин ауданының 40 жастағы тұрғыны отбасымен бірге Renault Dusterкөлігімен жолға шыққан. Ақтөбе–Астрахань тас жолының 248-шақырымында, яғни Қарауылкелді ауылынан 1 шақырым жерде олар жол жиегінде тұрған Iveco жүк көлігіне соғылған. Кейін «Renault Duster» автокөлігі жол жиегінде тұрған екінші «КамАЗ» жүк көлігіне барып соқтығысқан.


Соңғы жаңалықтар