Ақтөбеде жол апатына түскен екі бала өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеге Денсаулық сақтау вице-министрімен бірге үш дәрігер қоса келді. Олар ота жасалған балаларды қарап шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбе өңірлік коммуникация қызметінде жол-көлік оқиғасына қатысты баспасөз мәслихаты өтті.

Онда облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы мен полиция өкілі мән-жайды хабарлады.

«Үш бала есін біледі. Оларға травматология, хирургиялық ота жасалды. Екі бала басынан жараланған соң ұйықтатып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосып қойдық. Үш-төрт күн осы қалыпта болып, кейін оятамыз. Бізге Астанадан мамандар келді. Денсаулық сақтау вице-министрі жанына үш дәрігерді ертіп әкелді. Олар: травматолог, нейрохирург, анестезиолог-реаниматолог. Таңға дейін балаларды бақылап, жасалған отаның сәтті шаққанын айтты. Балалардың жанына ата-аналары да кіріп шықты», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Айта кетейік, жаттықтырушы әлі де есін жимады.

«Жігіттің жағдайы өте ауыр. 6-7 омыртқасы сынып, миы шайқалған. Бас терісі жарылған. Жағдайы өте ауыр. Дәрі-дәрмек жеткілікті», - деді Рүстем Исаев.

Оның айтуынша, балалар дертті жеңіл өткереді және тез аяққа тұрып кетеді.

Еске салсақ, 17 желтоқсан күні Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық ауылында жол-көлік апаты болды. Балалар түрлі жарақат алып, оларға шұғыл ота жасалды.


Басты фото: Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі
Соңғы жаңалықтар