Ақтөбеде жол апаты кезінде жүргізуші көз жұмды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Самара-Шымкент тасжолында екі көлік соқтығысып, бірінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға Самара-Шымкент тасжолының 788-шақырымында болды.

«Toyota Alphard» автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі Хромтау қаласынан Ақтөбе қаласына қарай бағыт алып, басып озу кезінде қателік жіберді.

Сөйтіп қарсы бетте келе жатқан «Mitsubishi Lancer» автокөлігімен соқтығысқан.

«Салдарынан «Mitsubishi Lancer» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ақтөбе облыстық ПД барлық жол қозғалысының қатысушыларын жол қозғалысы ережесін қатаң сақтауды ескертеді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Айта кетейік, дәл осы Самара-Шымкент автожолының 692 шақырымында Mercedes-Benz көлігі аударылып қалды.

Қобда ауданынан Ақтөбе қаласына бағыт алған жүргізуші Маржанбұлақ ауылына жақын маңда рульге ие бола алмай қалған.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөлік өртеніп кетті. Сонымен қатар 38 жастағы жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды. Ал екі жолаушы Ақтөбе қаласының ауруханасына жатқызылды. Ақтөбе облысы Полиция департаменті барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.


Соңғы жаңалықтар