Ақтөбеде жол апаты кезінде өзбекстандық әйел көз жұмды
Оқиға Ақтөбе – Атырау тасжолының 284-і шақырымында болды. «Lada Largus» автокөлігінің 42 жастағы жүргізушісі жол құрылысы жұмыстары жүргізіліп жатқан аумаққа кіріп, нәтижесінде жол жиегінің оң жағына қарай аударылып кеткен.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан өзбекстандық екі жолаушы Байғанин ауданының орталық ауруханасына жатқызылды. Бірақ біреуі есін жимастан көз жұмды. Ақтөбе облысының полиция департаменті жол қозғалысының бүкіл қатысушыларын жол ережелерін сақтауға шақырады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, шілде айының соңында Самара-Шымкент тасжолында ірі жол-көлік апаты болып, 6 адам көз жұмды.
Бұл - Ырғыз ауданы Қалыбай ауылының маңы. «Хонда-Фит» маркалы автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі жолда қарсы бетке шыққан. Рульде Қырғызстан Республикасының азаматы болды.
Салдарынан Ырғыз ауданының 33 жастағы тұрғыны басқарып келе жатқан «Лада-Ларгус» маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Лада-Ларгус» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен 4 жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Сонымен қатар, «Хонда-Фит» автокөлігінің жолаушысы мерт болды.
«Хонда-Фит» автокөлігінің жүргізушісі 30 жастағы жолаушымен бірге түрлі жарақатпен Ырғыз аудандық ауруханасына жатқызылды.