Ақтөбеде жетім балалардың есепшоты 71 миллион теңгеге толықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы аясында жетім балалардың есепшоты 71,2 миллион теңгеге толықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде «Туған жер» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жұмыстар қаралды. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өңірде 300-ден астам жоба қолға алынды. Құны - 554,5 миллион теңге. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, жыл соңына дейін құны 2,8 миллиард теңге болатын тағы 645 жоба жүзеге асырылуға тиіс.

Жиын кезінде «Бақытты бала» өңірлік жобасының іске асырылу барысы да сөз болды. Биыл 118 мың бала жазғы демалыспен қамтылады. 10 мыңнан астам бала Қазақстанның қасиетті жерлеріне тегін саяхат жасайды, жүздеген жеткіншек Ресей Федерациясының Орынбор облысы, Татарстанның, Өзбекстанның сауықтыру және білім беру лагерьлеріне барады.

«Бақытты бала» акциясы аясында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балалардың есепшоты 71,2 млн теңгеге толтырылды. Тек Ақтөбе қаласының өзінде 25 жетім бала баспаналы болды. Мүгедек балалар қымбат тұратын медициналық көмекті тегін алады, соның ішінде туа бітті сал ауруына шалдыққан және омыртқа жотасы қисайған екі бала Оңтүстік Кореяға емдеуге жіберілді. Ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту шаралары да қабылданып жатыр. Атап айтқанда, аутизм дертімен туған, сөйлеу және тірек-қимылы бұзылған 117 бала балабақшаға барып жүр. Туа бітті сал ауруына шалдыққан, аутизм дерті бар балаларға психологиялық, медициналық-педагогикалық кеңес беру, оңалту орталығы, ерекше қажеттілігі бар балаларға жыл бойғы лагерь ашылады деп күтілуде»,- деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Атқарылып жатқан іс Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бір бөлігі болып табылады. Біз олардың толық, сапалы әрі тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз»,- деді облыс әкімі  Б. Сапарбаев.

Соңғы жаңалықтар