Ақтөбеде жергілікті тауар өндірушілердің жұмысы әдеттегідей жүріп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде әлеуметтік маңызы бар тауарлар уақытылы сауда орындарына жеткізіліп жатыр. Өңір басшысы бүгін бірқатар кәсіпорын жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірінші сұрыпты ұннан жасалатын нан, қарақұмық, күріш, өсімдік майы, сиыр еті, жұмыртқа, картоп, қырыққабат, сәбіз, пияз, қант, айран-сүт, сүзбе бағасы тұрақты болуы тиіс. Өңір басшысы Оңдасын Оразалин азық-түлік бағасының тұрақтылығын бақылау мақсатында бірқатар кәсіпорынды аралады. Аймақ басшысы алдымен «Жаңа Әлжан» ұн комбинатының ұн және макарон өнімдері қорын тексерді. Жылына 110 мың тонна ұн, 7,2 мың тонна макарон өндіретін кәсіпорында жағдай тұрақты. Зауыт басшысы Бекнұр Бейісовтың айтуынша, келесі астық жиналғанға дейін бидай қоры толық жеткілікті. Сондықтан бағаны көтеруге еш негіз жоқ. Қазір мұнда күніне 500 тонна ұн дайындалады.

Ал өсімдік майын өндіретін «Ақтөбе Фудс» ЖШС, «Rokos Group Global» кәсіпорны тәулік бойы жұмыс істейді. «Ақтобе Фудс» ЖШС жылына 40 мың тонна өнім шығарады. Шұжық өңдеуші «Rokos Group Global» компаниясының қоры 1 300 тонна құс етімен толыққан. Алдағы екі айда облыс нарығын толық қамтуға мүмкіндігі бар. Аталған мекемелердің басшылары облыс әкіміне баға көтерілмейді деп уәде берді. Бұдан соң өңір басшысы «АгроОптСервис» ЖШС көтерме базарында және «Айбек» тұтыну кооперативінің ет консерві цехында болды. Базар басшысы Бекболат Биболатов азық-түліктің жеткілікті екенін айтты. Сауда орталығының қорында 400 тонна картоп, 130 тонна сәбіз, 180 тонна қырыққабат, 300 тонна пияз бар. Цехта консерві, шұжық және жартылай фабрикаттар бөлімдері бар. Цех қуаттылығы жылына 4 680 тонна консерві өнімдерін, 1 500 тонна шұжық, 300 тонна жартылай фабрикат құрайды. Мал сою алаңына аудандардан күніне 50 бас ірі қара жеткізіліп жатыр.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин сүтті қайта өңдейтін «Айс Плюс» ЖШС, «Пригородный» ЖШС, көкөністерді өндіру және сақтау қоймасы, «Атамекен-Нан» ЖШС жұмыстарымен танысты. «Айс Плюс» ЖШС күніне 35 тонна сүт өндіреді. Әлеуметтік маңызы бар өнімнің үш түрінде баға өзгермеген. «Пригородный» ЖШС-де көкөніс қоры жеткілікті. Қойма жылына 5 000 тонна өнім сақтауға қауқарлы. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин орынбасары Аманғали Бердалинге күнделікті тұтынатын өнімдердің бағасын үнемі қадағалап отыруды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар