Ақтөбеде жер телімі берілген тұрғын үй алаптарына инженерлік желілер тартылып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде тұрғын үй алаптарын су, жарық, газбен жабдықтау жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бүгін қаланың даму барысымен танысты. Су, жарық, газбен қамту және жол жөндеу жұмыстарын көрді. Қаладағы Шығыс-1 тұрғын үй алабына инженерлік желілер тартылып жатыр. Жыл соңына дейін 1612 жер телімі газбен және электр желісімен қамтылуы керек. Бүгінде жұмыс 50 пайызға орындалды, оның ішінде 2 мың электр бағанасы орнатылды. Құрылыс қазан айында аяқталады деп жоспарланып отыр.

«Алдымен үй салынып, адамдар тұрып жатқан аумақтар коммуникациямен қамтамасыз етілуі керек», - деп тапсырды Оңдасын Оразалин. Қазіргі таңда Шығыс-1 тұрғын үй алабындағы су құбыры желілерінің құрылыс жобасы да әзірленіп жатыр.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында барлығы 53 тұрғын үй алабы бар. Олардың көбінде жер телімі соңғы жылдары ғана берілді. Қазіргі таңда қалада 7 тұрғын үй алабын газбен, онын электр тогымен, үшеуін ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, 2023 жылдың соңына дейін барлық тұрғын үй алаптары газбен және жарықпен қамтылады, тек 15-інде сумен қамту мәселесі өзекті болып қалады.

«Сарыбұлақ – Моисеевка» жер асты су қорын игеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жоба жүзеге асқанда су мәселесі жабылады», – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Байтұрсын Өксікбаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі Ақтөбе қаласы Тәуелсіздік даңғылын 8 жолаққа және Батыс-2 шағын ауданындағы М.Шоқай атындағы көшені 6 жолаққа дейін кеңейту жұмыстарының барысымен танысты. ​ Күзде балалар сабаққа еш кедергісіз баруы үшін көшелеріндегі көлік қозғалысын тамыз айының соңына дейін қалпына келтіру көзделді. Ал жоба келер жылы толық қолданысқа беріледі. Сондай-ақ жол бойына жаяу жүргіншілерге арналған орындарды орналастыру, жарықтандыру бағандарын орнату қарастырылған.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қаланың ескі бөлігіндегі, оның ішінде Матросов көшесіндегі тұрғын үйлердің қасбетін сырлау, ағайынды Жұбановтар көшесі бойындағы 200 үйдің ауласын абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мердігер ауланы жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындардың тілегін ескерді. Мәселен, жаяу жүргіншілер жолы мен автотұрақ алаңдарын ретке келтіру туралы шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар