Ақтөбеде жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері сотталды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қалалық сотында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты. Олар Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№2 қалалық сот Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің үш қызметкеріне қатысты істі қарады. Іс материалына сүйенсек, сотталушылар қызмет бабын пайдалана отырып, екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық жасағаны үшін айыпталды. Атап айтқанда 2022 жылдың қаңтар-ақпан айларында Қарағанды және Қызылорда облыстарынан бірнеше қызметкер өңірге іссапармен келген. Сол кезде олар қызметтік жағдайын пайдаланып, түрлі іс бойынша куәгерлерге, оның ішінде 9 адамға қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін екеніп айтқан. Ал жауапкершілікке тартылмау үшін ақша алған.

«Барлық сотталушы кінәсін толық мойындады. Шын жүректен өкінді, жәбірленушілерге келтірілген залалды толық көлемде өтеді. Әрі бас бостандығынан айырмауды және айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Сот жаза тағайындау кезінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушылардың шын жүректен өкінуін, олардың залалды өтеуін, кінәсін толық көлемде мойындауын ескерді. Сот сотталушы К., Б. және Д.-ті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2,3 тармақтары бойынша кінәлі деп танып, әрқайсысына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар