Ақтөбеде жемқорлардан қайтарып алынған ақшаға Street Workout салынады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында биыл жемқорлардан 197 млн теңге өндірілді. 150 млн теңгеге Құмжарған орта мектебінің құрылысы жүрсе, қалған қаржыға қалада Street Workout салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша биыл жемқорлардан өндірілген ақшаның әлеуметтік сала құрылысына жұмсалатыны белгілі болды.

«Мемлекет басшысы Жолдауында осы бағытта тапсырма берді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жүктеген міндетті орындап, өндірілген қаржыға Құмжарған аулындағы мектеп салынып жатыр. Оған 150 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Сонымен бірге 47 млн теңгеге қалада Street Workout салынады. Қазіргі кезде тағы 35 млн теңге түсті. Тағы да нысан құрылысына жұмсалады. Мектептерге басымдық беріледі. Жалпы Құмжарған ауылындағы мектеп құрылысы үш жыл бойы тұралап қалған еді», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиев.

Бұл бір реттік акция емес. Алдағы уақытта да жемқорлардан өндірілген ақша білім ордаларының құрылысына жіберіледі.

«Ақтөбе» ӘКК басшыларынан өндірілген қаржы міне мектепке жіберілді. Олар жерді бөлу кезінде қызметін асыра пайдаланып, 197 млн теңге ақшаны кері қайтарды», - деді Алмат Мырзалиев.

Айта кетейік, қаладағы Триатлон саябағында енді Street Workout салынады.

«Қаламызда теңдесі жоқ Street Workout алаңы бой көтереді. Қазір жоба жасалып жатыр. Жоба құны – 47 млн теңге. Бұл бастамасы. Алдағы уақытта да жобаны бірге талқылап, құрылысты жалғастыра береміз», - деді қала әкімі Асхат Шахаров.


Соңғы жаңалықтар