Ақтөбеде желтоқсаншыларға ескерткіш орнатылуы мүмкін

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтармен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе өңірінде тұратын желтоқсаншылар былтыр «Желтоқсан алауы» қоғамдық ұйымын құрып, бүгінде 130-ға жуық адамның басын біріктіріп отыр.

«Тәуелсіздікті аңсаған ата-бабамыз осы бір шексіз-шетсіз дархан даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманаттады. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Желтоқсан оқиғасы Тәуелсіздіктің жаршысы болғанын және мемлекетіміздің тарихында алтын әріптермен жазылғанын атап өтті. Осы жылдар ішінде Қазақстан толағай табыстарға қол жеткізіп, әлемдік аренада өзіндік лайықты орын алды», - деді Ералы Тоғжанов жиында.
Жиналғандар желтоқсаншыларды әлеуметтік қолдау және оңалту мәселелерін, Ақтөбе қаласында оларға арнап ескерткіш орнату, Желтоқсан оқиғасы туралы кітап шығару, сондай-ақ кейінгі ұрпақты патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мәселелерін талқылады.
Кездесу соңында облыс әкімі Желтоқсан оқиғасының қатысушыларын өңірдің қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен марапаттады.


Соңғы жаңалықтар