Ақтөбеде жедел жәрдем шақыру уақыты қысқарды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Жедел жәрдем қызметі он айдағы жұмысын қорытындылады. Дәрігер, фельдшерлер біліктілігін арттырып, биыл 46 адам реанимобильдегі аппараттардың көмегімен құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысындағы жедел жәрдем қызметіне жаңа технологияларды енгізу үшін елімізде алғаш боп мемлекеттік-жекешелік басқаруға берілді. Түрік компаниясы реанимобиль жеткізіп, әр бригадаға планшет таратты. Қазір шақырулардың бәрі электонды түрде қабылданып, науқастың анкетасы толтырылады.

«Жедел жәрдем қызметінің сапасын арттыру үшін аудандардағы шақырулардың бәрі облыс орталығына түсіп жатыр. Қаладағы емханалар мен аудандық ауруханаларда тәулік бойы кезекшілік қойылды. Төртінші категорияға, яғни, созылмалы ауруға шалдыққан науқастарға көмекті учаскелік дәрігер көрсетеді. Ал жедел жәрдем орталығында 8 диспетчер үздіксіз шақыру қабылдап отыр. GPS-навигация барлық көлікке қондырылған. Біз орталықтан көліктердің қайда барғанын анық бақылай аламыз. Тәулігіне 36 бригада қызмет көрсетеді. Оның құрамында 18 дәрігер мен 18 фельдшер бар», - деді Жедел жәрдем қызметі орталығының бас дәрігері Марат Жанқұлов.

Емдеу құралдарының арасында электрокардиографамма, кардиомонитор, дефибриллятор, жасанды тыныс алдыру аппараты мен небулайзер бар. Биыл медицина қызметкерлері халықаралық стандарт бойынша жүрек-өкпеге реанимация жасау біліктілігін арттырды. Қараша айында диспетчерлердің жұмысы тиянақталды. Сонымен қатар, көлік жүргізушілері жолдағы қауіпсіздіктің меңгерді.

«Шақыруға жедел жетуге, егер науқастың өмірі қыл үстінде болса телефон арқылы үздіксіз кеңес беруге мән береміз. Телефон арқылы кеңес беріп, жедел жәрдем жеткенше 2-3 адамды құтқарып қалдық. Сонымен қатар, заманауи жабдықтары бар реанимобиль 46 адамның өмірін сақтауға мүмкіндік берді. Ондағы медициналық құрылғылар жол апаты, жүрек, қан қысымы ауруына шалдыққандарға қажетті алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді», - деді Марат Жанқұлов.

Айта кетейік, облыста тәулігіне жедел жәрдем бригадасына 800-ге жуық қоңырау түседі.

Соңғы жаңалықтар