Ақтөбеде жедел жәрдем диспетчерлері арнайы курстан өтіп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкерлері телефон шалған адамдардан ақпарат қабылдау, науқастардың туыстарымен дұрыс сөйлесу тетігін үйреніп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің үздіксіз кәсіби даму орталығы жедел жәрдем қызметкерлерін оқыта бастады. Арнайы курсқа күн сайын тұрғындардан, науқастардан шақыру қабылдап отырған 47 диспетчер қатысып жатыр. Бұл жұмысы соңғы екі жылда ұдайы атқарылып келеді.

«Бұрын қалалық емхананың дәрігерлері үшін науқастарға бағытталған күтім, яғни пациенттермен тиімді қарым-қатынас жасау туралы тренингтер өткіздік. Мазасы кетіп, шаршаған туыстарымен сөйлесу де қиын. Сондықтан шыдамды болу, дәрігер этикасын естен шығармаған абзал. Дәрігер тренингте жанашыр болуды, ауыр сөз айтпауды, шыдамдылықты меңгерді», - деді Үздіксіз кәсіби даму орталығының ассистенті Юлия Замэ.

Ал енді күнделікті жұмыстағы кәсібилікті шыңдау кезегі жедел жәрдем қызметкерлеріне келді.

«Сұрақ қоя білу, нақты жауап алу, аз уақытта жағдайды түсініп, ойы шашырап, абыржып тұрған адамға сенім беріп, жедел жәрдем бригадасын дұрыс бағыттау біздің міндетіміз. Бізге қоңырау шалған адамдардың 5-10 пайызы ғана дұрыс жауап береді. Өзгесі дауыс көтеріп, қарсы сұрақ қойып, уақыт өткізеді. Біз осы тығырықтан шығу жолын үйреніп жатырмыз. Жаңа тренинг біздің жұмысымызға оң әсерін тигізеді деп есептеймін», - деді жедел жәрдем диспетчері Лариса Дерова. Алдағы уақытта дәл осы әдіспен жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері оқытылады.

Еске салсақ, Ақтөбеде мектеп оқушысы жедел жәрдем жетпей көз жұмды.  Ақтөбе облысында құрылған арнайы комиссия жедел жәрдемнің кеш жеткенін мойындады. 

Соңғы жаңалықтар