Ақтөбеде жазғы лагерь жұмысын ұйымдастыруға 394 млн теңге жұмсалады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласы сыртындағы 10 лагерьде оқушылардың жазғы демалысы ұйымдастырылады. Балалардың тегін тынығуына ірі компаниялар да демеушілік жасайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының сыртында 10 лагерь жұмыс істейді. Оның екеуі ғана мемлекеттік, өзгесі жеке меншік. «Күншуақ» мемлекеттік лагері мүгедектігі бар, ерекше күтімді қажет ететін балалар мен жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдаса, биыл бұл шектеу алынды. Сонымен бірге жөндеу жұмыстары жүргізілген «Достық» лагері де биыл жұмыс істейді. Әрі облыстағы 360 мектеп жанында лагерь ашылады. Мұнда да арнайы санаттағы балалар тегін демалады. Ал өзгесі уақытын тиімді өткізеді, кейбірінде ас-су қарастырылған. Облыстағы 49 білім беру ұйымдары да 3 ай бойы үйірмелерді тоқтатпайды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, ірі мұнай-газ, тау-кен компанияларының демеушілігімен 6 мың бала тегін демалады. Ал республикалық лагерьлерде жыл бойы 800 бала тынығады. Ал жазда 300-ге жуық дарынды, талантты, өнерлі шығармашыл балаларға басымдық беріледі.

«Аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын, жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ме төтенше жағдай салдарынан жапа шеккен отбасы балалары үшін бюджеттен арнайы қаржы бөлінді. Ол 394 млн теңге. Қаржы балалардың қаласы сыртындағы лагерьлерде, мектеп жанындағы лагерьлерде тегін демалуына жұмсалады. Биыл «Қазақстан халқына» қоры есебінен 1500-ге жуық бала «Шұғыла» лагерінде тегін демалады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Қазіргі кезде тәлімгерлердің біліктілігін арттыру жұмысы жүріп жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, биыл өңірде «Талант» туры ашылады. Оқушылар аймақтағы киелі орындарды аралайды.


Соңғы жаңалықтар