Ақтөбеде жазғы лагерьге Ресейдің 6 өңірінен этникалық қазақ балалар келеді

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ресейде тұратын қазақ балалар Ақтөбедегі жазғы лагерьде тынығады. Биыл барлығы 150 мыңнан астам баланың демалысын ұйымдастыру жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Қала сыртында, мектеп жанында шатырлы лагерь ұйымдастырылады. Аз қамтылған, атаулы әлеуметтік көмек алатын, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ерекше назарда болады.

«Жазда оқушылардың 90% демалыс және сауықтыру іс-шарасына қатыстырылады. Арнайы санаттағы балалар үшін бюджеттен қаржы қарастырылды. Олар үшін 320 миллион теңге қаржы бөлініп отыр», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Тек өңірдегі оқушылар емес, көрші Ресей елінде тұратын қазақ балалары да Ақтөбеде тынығады.

«Маусым-тамыз айларында білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Күншуақ» лагерінде 312 бала демалады. Сондай-ақ, Балалар жылы аясында осы «Күншуақ» лагерінің базасында халықаралық тілдік лагерьді ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Лагерьге Ресей Федерасында тұратын этникалық қазақ отбасыларының балалары қатысады. Лагерь бағдарламасында қазақ тілінің сабақтары ұйымдастырылып, Қобда және Ойыл аудандарына бір күндік экскурсия жоспарланып отыр. Жоспар бойынша Ресейдің 6 өңірінен 30 бала келеді. Олар: Алтай Республикасы, Мәскеу, Орынбор, Самара, Саратов, Челябі», - деді Нұргүл Бертілеуова.

Ал туристік саяхатта 12 мыңға жуық бала қамтылады. Жоспар бойынша 9 мыңнан астам оқушы өңірдің, өзгесі еліміздің киелі жерлерін аралайды.

«Жазғы маусымда өңірдегі 48 қосымша білім беру ұйымы жанынан да жазғы алаң мен үйірме жұмыс істейді. Шығармашылық, спорттық-туристік, ғылыми-техникалық және тілдік бағыттардағы алаңдар болады. Сонымен бірге жазғы уақытта Әйтеке би, Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Темір, Ойыл, Хромтау, Шалқар аудандары мен Ақтөбе қаласында 10 мыңға жуық бала абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарына тартылып, еңбекпен қамтылады», - деді Нұргүл Бертілеуова.


Соңғы жаңалықтар