Ақтөбеде жазасын өтеп шыққандар құжат дайындауда қиындыққа ұшырасады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жазасын өтіп, бостандыққа шыққандарды бейімдеу жұмысына үкіметтік емес ұйымдар араласты. Бүгін Қылмыстық атқару жүйесінің облыстық департаменті, пробация қызметі мен қоғамдық бірлестік жұмыс жүйелеуге келісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысындағы үш тезету мекемесінде 500-ге жуық адам жазасын өтіп отыр. Олардың 90-ға жуық бостандыққа шықты. Жанасының бір бөлігін жеңілдеткендер мен шартты жазаға кесілгендер және жазасын толық өтеп шыққандар үйіне оралады, болмаса әлеуметтік бейімдеу орталығына барады. Биыл 15 адам әлеуметтік бейімдеу орталығын паналады.

«Барлығы 6 адам жұмысқа орналасып, біреуі колледжге оқуға түсті. Негізі жұмыс табылады, оған қажетті құжат жинайтын ақша жоқ. Қарапайым ғана еңбек кітапшасын алу, медициналық тексеруден өтуге қаржы таппай қиналады. Осы мәселе шешімін тапқаны дұрыс. Кейбірі денсаулығын сылтауратып, жұмыс істемейді. Қазір бізде 62 жастағы ер адам жатыр. Көзім көрмейді деп жұмысқа бармай қалды. Ол адаммен психолог, полиция инспекторы сөйлеседі. Ереже бойынша ортақ талапқа бағынбаған адамды орталықтан шығарып жібере аламыз. Бірақ олар қаңғыбастар санын көбейтеді», - деді Өмірлік қиын жағдайға тап болғандарды әлеуметтік бейімдеу орталығы директорының орынбасары Жалын Молдағалиев.
Қылмыстық атқару жүйесінің облыстық департаменті құқықтық және психологиялық қызмет көрсетуге әзір үкіметтік емес ұйыммен меморандумға қол қойды. Алдағы күндері ай сайын мамандар түрме ішіне кіріп, кеңес береді.

«Жазасын өтеп шыққандарды міндетті түрде бостандыққа бейімдеу керек. Олар үшін психологтар, заңгерлер бар. Барлығы 11 маман ай сайын түзету мекемесіне кіреді», - деді «Сенім-тірек» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Теміржан Күндолов.

Ақтөбе қаласындағы Алматы аудандық пробация қызметінде 631 адам бақылауда тұр. Оның екеуі кәмелет жасқа толмаған. Бақылауда жүрген 26 адам қайта қылмыс жасап, жазаланды. Жыл басынан бері бос орындар жәрмеңкесіне 58 сотталған қатысып, 9-ы жұмысқа шақыру алды. Алайда жұмыс орындарының талаптары мен жалақысын ұнатпаған олар еңбекке араласудан бас тартты. Ал қаланың Астана аудандық пробация қызметі 1 мыңнан астам адамды қадағалауға алды. Барлығы 21 адам жұмысқа орналастырылды.

Соңғы жаңалықтар