Ақтөбеде жайылым мен егістік цифрландырылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде ауыл шаруашылығы кешенін цифрландыру жұмысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, Хромтау ауданының бірқатар кәсіпорындары арнайы гидравликалық құрылғымен жабдықталған. Яғни, егіс алқабындағы жұмыс автоматтандырылды. Астық жинайтын комбайндар қашықтықты бағамдап, қажетті жанар-жағармай шығынын, алқап өнімділігін, шығын көлемін анықтайды.

«Мәртөк ауданындағы шаруа қожалықтары ауа райының қолайсыздығына қарамастан өткен жылы гектарынан 14,2 центнер өнім алды. Облыс бойынша орташа түсім - 8,3 ц/га болды. Шығымның артуы техникаға байланысты. Шаруашылықтар 1,7 млрд теңгеге заманауи құрылғы сатып алған болатын. Өңірдегі шаруалар «ақылды суару» жүйесін де іске қосты. Қарғалы және Мәртөк аудандарының шаруалары арнайы қосымша арқылы смартфонмен суару жүйесін іске қоса алады. Биыл суармалы жерлерді қалпына келтіру бағдарламасы бойынша 10,6 мың гектар алқапты айналымға енгізу жоспарланып отыр», - деді Құсайын Сәрсембай.

Айта кетейік, облыста 776,3 мың гектар егістік, 138,2 мың гектар шабындық, 9 млн гектар жайылымдық жер цифрландырылды. Жалпы, ауыл шаруашылығы бағытындағы жерді цифрландыру жұмысы толық аяқталды. Мал шаруашылығы саласында plem.kz порталы арқылы субсидия беру жүйесі автоматтандырылған, спутниктік навигация арқылы малды бақылау мүмкіндігі туды.


Соңғы жаңалықтар