Ақтөбеде жатақхана дәлізінен табылған бала анасына қайтарылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Осы жылдың қаңтар айында жатақхана дәлізінен табылған 1 жастағы Нина Хоренко анасына қайтарылды. 

Қалалық білім бөлімі сәбидің анасы Наталья Хоренкоға тағы бір мүмкіндік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қаңтар айының басында Нина Хоренко Ақтөбе қаласындағы жатақханалардың бірінен табылды. Дәлізде жатқан баланы ауруханаға полиция қызметкерлері тапсырып, суық тиген сәби бірнеше күн ем қабылдады. 

Балдырған кейін «Үміт» сәбилер үйіне жіберіліп, полиция қызметкерлері қызын тастап кеткен Наталья Хоренконың мекен жайын анықтады. Белгілі болғаны, анасы Жаңа жыл мерекесін тойлауға ауылға кетіп, қызын апасына сеніп тапсырған. Өзінің ішімдікке әуес емес, есірткі қолданбайтынын екі ай бойы дәлелдеген Наталья Хоренко аналық құқығынан айырылмады.

«Қаңтарда сәби ауруханаға түскен соң қалалық білім бөліміне хабар 13-і күні жетті. Мәлімет бойынша, қаладағы Елек полиция бөлімі оқиғаны 7 қаңтар күні тіркеген . Нина Хоренконың анасы 16 қаңтар күні қалалық білім бөліміне келіп, өз баласын алғысы келітінін түсіндіріп, өтініш жазды. Сөзіне сенсек, ол Рождество мерекесін тойлап, Кірпішті ауылындағы көршілеріне қонаққа кеткен. Ал баласын туысына, яғни, апасына қалдырған. Еліміздің «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, оқиға бірінші рет тіркелген соң құжаттарды жинап-тапсыруға мүмкіндік бердік. Ол медициналық анықтама тапсырды»,- деді қалалық білім бөлімінің бас маманы Райгүл Қонақбаева.

40 жастағы Наталья Хоренко медициналық анықтамалықпен қатар полиция бөлімінен де бұрын заң бұзбағанын растайтын құжат тапсырды. Көршілері де шағым айтпаған екен. Қажетті құжаттар түгел жинақталған соң қалалық білім бөлімі Хоренконың тұрмыстық жағдайын қарап шықты. Мамандар «қанағаттанарлық, баланың тұруына мүмкіндік бар» деген шешімге келді.

«Ақпан айында қорғаншылық кеңесі өтті. Сол кезде Наталья Хоренконы комиссияға шақырған едік. Ол «бұл оқиға бірінші рет болып тұр, 40 жасымда дүниеге әкелген баламды ешкімге бермеймін» деп өтініш айтты. «Неке және отбасы туралы» Кодексіне сәйкес, анасы қателік жіберіп, кейін өкініп, баланы өзім бағамын десе, сәбиді кері қайтарамыз. Бірақ ескерту берілді. Алдағы уақытта бұл іс қалалық кәмелетке толмаған балалардың ісі жөніндегі тұрақты комиссияда тағы қаралады. Міндетті түрде анасына айыппұл  салынады. Тағы қайталанса, айыппұл салып, аналық құқығынан айыра аламыз»,- деді қалалық білім бөлімінің бас маманы Райгүл Қонақбаева.

Қазіргі уақытта қалалық білім бөлімі пен полиция қызметкерлері Хоренколар отбасын үнемі бақылап отыр. 

Соңғы жаңалықтар