Ақтөбеде жастарды баспанамен қамту үшін жаңа бағдарлама іске қосылады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбелік волонтер Бану Жолмағамбетова облыс әкімі Ералы Тоғжановқа жастарды баспанамен қамту ұсынысын айтты. Өңір басшысы жастармен кездесу кезінде тың бастаманы қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жастармен кездесу өткізіп, олардың ойын, ұсынысын тыңдады.

Басқосуда ерікті Бану Жолмағамбетова жыл бойы ойда жүрген жобасы туралы айтып бердің. Ол еңбекқор жастардың өз баспанасы болғанын қалайды.

«Алматы, Астана қалаларында жастарға арналған арнайы бағдарлама бар. Дәл осындай жоба бізге де қажет болды. 35 жасқа дейінгі жастар, бәлкім жас отбасылар да болар, 10-15 жылға несие рәсімдей алса дейміз. Оларға қажетті жарнаны әкімдік сертификат түрінде беріп, кейін пайызсыз қаржыны қайтаруға болатын бағдарламаның қолға алынғанын қалаймыз. Үстемеақысы 5 пайыз болса, тиімді болар еді. Бұл ұсынысты өңір басшысы бірден қолдады. Әрі бір жыл ғана емес, келер жылдары да осы бағдарламаның жүйелі жұмыс істегені дұрыс. Жыл сайын 100-150 жас баспаналы болса, бұл - үлкен жетістік», - деді Бану Жолмағамбетова.

Президенттің жеңілдетілген несие беру арқылы жастарды баспанамен қамту тапсырмасын Ақтөбе облысы алғашқылардың бірі болып орындайды.

Облыс әкімдігі мен «Отбасы банкі» АҚ арасында тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие беруге арналған қаражатты бірлесіп бөлу туралы келісімге қол жеткізілді.

«Бұл бағдарлама 35 жасқа дейінгі ақтөбеліктерді қоса алғанда, тиімді шарттармен несие рәсімдеп, пәтер сатып алуына мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысушылардың санаттары өңіріміздегі жастардың белсенді өкілдерімен бірге қарастырылып, бекітіледі», - деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, Ақтөбеде «Ақтөбе – мүмкіндіктер мекені» жастар форумы өтті. Онда жастар саясатын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Форумға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Asar Ume қоғамдық қорының негізін қалаушы Асхат Нұрмашев, түрлі салаларда, соның ішінде креативті индустрияда стартаптарды сәтті жүзеге асырған жас кәсіпкерлер қатысты.

Цифрлық технопарк құру мақсатында Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасы мен «Next Gen Aktobe» IT бірлестігі арасында екіжақты меморандумға қол қойылды.

Соңғы жаңалықтар