Ақтөбеде жас жігітті ұрып, саңырау еткен учаскелік полицейге үкім шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Дәмханада сүйіктісімен отырған жас жігітті ұрып, есінен таңдырған ақтөбелік полиция қызметкеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

26 жастағы Аслан Сәрсенғалиев Ақтөбе қаласындағы дәмханалардың біріне сүйіктісімен кездесуге барған. Сол демалыс орнында болған полиция қызметкері Айбек Алишев жәбірленуші Аслан Сәрсенғалиевтің жанындағы қызды биге шақырған. Екі жігіт арасындағы даудан төбелес шығып, бірі соққыға жығылды. Алғашында үйіне барып, кейін аурухананың жансақтау бөліміне түскен Аслан Сәрсенғалиевтің құлағы мүлде естімей қалған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, құлағы естімей қалған жас жігіттің сөйлеу қабілеті де жоғалып барады.

Алғашында Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша іс қозғалып, кейін іс материалдары «Денсаулыққа абайсызда зиян келтіру» бабына ауыстырылды.

Айта кетейік, сот отырысы кезінде жәбірленуші Аслан Сәрсенғалиев өзін ұрған полиция қызметкерін кешіретінін, денсаулығына келтірілген шығын толық өтелгенін айтты. Тіпті, сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

«Айбек Алишев Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігімен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған пробациялық бақылау белгілеумен 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Айбек Алишевтің кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы жойылсын»,- деп оқыды үкімді судья Р.Күзенбаева.

Сонымен қатар сотталушы Темір аудандық пробация қызметінің рұқсатынсыз ойын-сауық мекемелеріне бара алмайды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар