Ақтөбеде жартылай марафонға 5 мыңнан астам адам қатысты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбеде «CNPC-Aktobe Marathon-2018» шарасы өтті. Барлығы 5 мыңнан астам адам 3, 10, 21 шақырым қашықтықты бағындырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласының 149 жылдық мерейтойына орай жеңіл атлетикадан жартылай марафон өтті. Марафон кезінде қала әкімі Ілияс Испанов, «Ақтөбе» ФК бас директоры Самат Смақов, депутаттар мен ақтөбелік ардагерлер қатысып, қатысушыларға қолдау білдірді. Бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған марафонға Алматы, Астана, Атырау, Орал, Ақтау, сондай-ақ облыстың аудандарынан өтінім түскен. Өз межесін бағындырғандарды өңір басшысы Бердібек Сапарбаев құттықтап, арнайы сый ұсынды. 

«Мемлекет басшысы әрбір қазақстандықтың спортпен шұғылдануы, салауатты өмір салтын ұстануы керек деген міндет қойған болатын. Себебі кез келген елдің болашағы өз азаматтарының денсаулығына байланысты. Біз, өз кезегімізде, Президенттің тапсырмасын орындау үшін барлық қажетті жағдайларды жасаймыз. Әрқайсымыз үшін денсаулығымыз мықты болуы маңызды. Біздің денсаулығымыз ең алдымен өзімізге байланысты. Салауатты өмір сүріп, әрқашан қозғалыста болуға, спортпен шұғылдануға тиіспіз», - деді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев.

Марафонға барлығы 5 мыңнан астам адам қатысты. 3, 10 және 21 шақырымдық қашықтықты алғаш боп бағындырғандарға 50-ден 250 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды. 10 шақырымдық қашықтыққа жүгінгендердің ең жасы 13-тегі Айсулу Өтесін, ең үлкені 78 жастағы Төлеу Орынбаев болды. Олар да естелік сыйлықтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар