Ақтөбеде жаңа неке сарайы ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жаңа неке сарайы ашылды. Сарайдың ашылу рәсіміне ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бүгін біз үлкен игі істің куәсі болып отырмыз. Бүгін жаңа неке сарайы ашылды. Қазақстанда жастар үшін көп жұмыс атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы Жастар саясаты жөніндегі Жарлыққа қол қойды, бұған қоса елде 2030 жылға дейінгі аралықты қамтитын гендерлік және отбасылық саясат тұжырымдамасы бар. Болашақ-жастарда. Бүгінгі ашылып жатқан сарайдан көптеген отбасылар жаңа өмірге қанат қаға бастайды. Олардың өмірлері шаттыққа толы болсын деп тілеймін. Осы сарайда некесін қидырған отбасылар үбірлі-шүбірлі болсын»,-деген сөздерін жеткізді Г.Әбдіқалықова.

Өңір басшысының бастамасымен Ақтөбе облысында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында кең ауқымды құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы Шығармашылық академиясы, Өнер орталығы, Жекпе-жек сарайы, Жұбановтар атындағы шығармашылық үйі, «Олимп» хоккей модулі мен өзге де көптеген нысандар пайдалануға берілді.

Ал неке сарайының құрылысына 1,5 млрд теңге жұмсалды. Мұнда жас жұбайлар мен қонақтар үшін барлық ыңғайлы жағдайлар жасалған.

«Меніңше, әрбір адамның арманы - мықты отбасын құру. Өйткені, кез келген мемлекеттің негізі осы отбасылардан тұрады. Әр шаңырақтағы бейбітшілік пен сәттілік мемлекеттің болашағының кепілі. Сол себепті де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселерге ерекше көңіл бөліп келеді. Біз әрине, осындай керемет мерекені ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовамен, Парламент Мәжілісінің депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарымен бірге атап өтіп отырғанымызға қуаныштымыз»,-деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жаңа сарайда махаббат пен келісімде 50-55 жыл өмір сүрген отбасы өкілдеріне құрмет көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар