Ақтөбеде жалған дипломмен сабақ берген колледж оқытушылары жұмыстан қуылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде жалған дипломмен сабақ берген оқытушылар жұмыстан шығарылып, музыкалық колледж ұстаз іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде педагогтарының жалған дипломды қайдан, қаншаға сатып алғаны әлі белгісіз. Алайда олардың кейбірі жұмыстан шығып кетсе, кейбірі өзге дипломымен қызметін жалғастырып жатыр.

«Прокуратура 34 мұғалімнің жалған дипломмен жұмыс істегенін айтқан соң тексеру басталды. Кез келген білім ұйымының басшысы алдына келген маманды жұмысқа қабылдаған кезде дипломының рас немесе жалған екенін анықтауға міндетті емес, құзырына кірмейді. Олар тек мамандығы бойынша жұмысқа қабылдайды. Қазіргі кезде анықтама жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, тізімде А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің бес оқутышысы бар. Олардың бәрі 30 жылға жуық уақыт сол мекемеде еңбек еткен, үшеуі - колледж түлегі, екеуі Шымкентте оқу бітірген. Олардың арнайы базалық білімі бар. Ал екінші дипломы бойынша тексеру басталды», - деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Жалған дипломмен жұмыс істеген мектеп мұғалімдерінің де арнайы педагогикалық мамандығы бар. Тек екінші дипломы күдікке іліккен. Олар химия, биология, психология пәндерінен сабақ берген.

«Көбінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің дипломы жалған болып шықты. Мектеп мұғалімдерінің барлығы жұмыстан шығарылған жоқ. Кейбірі алғашқы дипломымен жұмысын жалғастырып жатыр», - деді Гүлназ Сүлейменова.

Ақтөбе қаласы Алматы аудандық прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары аяқталып, мұғалімдердің кінәсі дәлелденсе Қылмыстық кодекстің «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» бабы бойынша іс қозғалып, жауапкершілікке тартылатынын хабарлады. Сонымен қатар, диплом жасап бергендер де анықталады.

Еске салайық, Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуратурасы білім заңнамасының қолданылуына талдау жүргізіп, жалған құжатпен білім беріп келген 34 педагогты анықтады. Оның 13-і - мектепке дейінгі білім саласында, 11-і - орта мектептерде сабақ береді, 7 адам - колледж оқытушысы ретінде, 3-еуі - өзге де білім мекемелерінде еңбек етті.



Соңғы жаңалықтар