Ақтөбеде жағымсыз иісті жою үшін жұмыс тобы құрылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -Ақтөбе қаласындағы жағымсыз иісті жою үшін жұмыс тобы арнайы бекеттерге барып, кәріз суын тазалау орындарын қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы жағымсыз иісті бір сәтте түбегейлі жою мүмкін емес. Себебі, спирт зауытының 15 жылдық қалдығы, өндірісті аймақтағы зауыттардың кәріз жүйесіне су ағызуы және зауыттар түтіні жағымсыз иісті жоюға кедергі келтіріп тұр. Қазіргі кезде 300-ден астам компания тізімі беріліп, тексеру кезінде 9-ы жұмысын тоқтатты.

«Ресейдің Казан институтынан мамандарды шақыруға тура келді. Олар да жаңа әдіс ұсынды. Сонымен қатар, өткен жылы үш кәріз суын құю станциясы ашылды. Күкіртті сутектің артуы бойынша өткен жылдың бес айында 54, биыл екі дерек тіркелді»,- деді облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.

Ақтөбе қалалық әкімдігі тапсырыс беріп, «Экополис» компаниясы спирт зауытының қалдығын жою үшін 16 миллион теңгені жаратады. Кәріз суын құю станциясын салу жұмыстарына 370 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, игерілді. Ал кәріз суын тазарту станциясын салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалды. Бұл жобаға 16 миллиард теңгеден астам қаржы қажет.

 

«Көпқабатты тұрғын үйлер кәріз суының текше метріне 71 теңге төлеп отыр. Ал жеке үйлер арнайы жеке кәсіпкерлердің көмегімен кәріз суын сорғызады. Бұл теңсіздікті жою үшін кәріз суын тасымалдайтындарға арнайы талон режимі қосылды. Сондықтан үш текше метрлік көлік айына 15 мың теңге төлесе, енді әр рейске 200 теңге беруі тиіс»,- деді «Ақбұлақ» АҚ президенті Асан Ибраев.

Соңғы жаңалықтар