Ақтөбеде заңсыз балық сату ісіне қатысты полиция қызметкері сотталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде облыстық полиция қызметкері Марат Баевқа бүгін үкім шықты. Оған Қылмыстық кодекстің «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бабы бойынша айып тағылған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында полиция қызметкері Марат Баевқа үкім шықты. Ол 2018 жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр.

«Марат Баев Қылмыстық кодекстің «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бабы бойынша айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей құқығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтесін. Сот үкімі заңды күшіне енгенге дейін Марат Баевтың күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалсын», - деді судья Ербол Әбдіхалықов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде қара уылдырық пен бекіре сатушыларды бопсалаған бір топ полиция қызметкері ұсталды. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Абай Давлетов, басқарманың бөлім бастығы Самат Нұғметжанов, жедел уәкіл Нұрлан Ақаласов, аға жедел уәкіл Дәурен Калинин Қылмыстық кодекстің «Билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді асыра пайдалану» бабы бойынша сотталды. Сол кезде Марат Баев қашып кетіп, іздеу жарияланды.

Айта кетейік, үкімді тыңдаған сотталушы Марат Баев апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар