Ақтөбеде заманауи тарихи-өлкетану музейі салынып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде тарихи-өлкетану музейі үшін жаңа ғимарат салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 635 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі екі жыл бұрын жабылған болатын. Төтенше жағдайлар қызметі ғимаратты апатты деп танып, өрт қауіпсіздігі сақталмаған нысанның жұмысына шектеу қойды. Содан бері өңірдің географиясы, тарихы, табиғаты, қазба байлықтары мен жалпы құрылымы туралы ақпараттың бәрі жабық есіктің ар жағында қалып, қала тұрғындары мен қонақтар үшін бар мәлімет шағын көрмелерде ғана таныстырылып келеді. Қуантарлығы, бірнеше айдан соң 103 мың жәдігері бар музей жаңа ғимаратқа қоныс аударады. Бұл құрылысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 635 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.

«Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталды. Қазіргі кезде ішкі бөлу жұмыстары мен әрлеу жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары кезінде бастапқы жобаға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, ең үлкен залдың аумағын кеңейту қарастырылды. Құрылысты бірнеше әлеуметтік нысанды салған «Элитстройсервис» серіктестігі жүргізіп жатыр. Олар жергілікті құрылыс материалдарын кең пайдаланды. Тек ғимараттың қасбетіне арналған мәрмәр тастар импортталды. Құрылысқа жергілікті бюджет пен кәсіпкер тең қаржы бөлді. Жыл соңына дейін музей пайдалануға беріледі»,- деді Ақтөбе облыстық сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Иманалин.



«Туған жерге тағзым» акциясы аясында құрылыс жұмыстарына меценат, «Алтын Қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы және бас директоры Исламбек Салжанов көмек көрсетті. Музей аумағы 2 гектарды алып жатыр. Алдағы уақытта мұражай алдындағы екі ашық алаңда конкурстар өткізуге болады. Сонымен қатар, 60 көлікке арналған автотұрақ, субұрқақ салынады.

Ақтөбе қаласында салынып жатқан үшқабатты заманауи музейдің аналогы еліміздің батыс аумағында жоқ. Музей ғимаратында техникалық, қызметтік-әкімшілік, көрсетілім залдары бар.

«Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі 1929 жылы ашылды. Ескі ғимарат 100 мыңнан астам экспонаты бар музейге өте тар еді. Өлкенің тарихы мен табиғатын, мәдениетін, өзіндік ерекшеліктерін көрсету мүмкін болмады. Ал жаңа ғимаратта 10 экспозициялық зал бар. Сонымен қатар, ең жоғары бөлігіне конференцзал салынады. Қазір экспозициялық залдарды жабдықтау жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, музей қорын толықтыру үшін тарихи жәдігерлерді сатып аламыз»,- деді Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Қор сақтау орнымен қатар, экспонаттарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін арнайы бөлме қарастырылған. Сонымен қатар, жаңа музейде ұлттық қолөнер бұйымдарын, кәдесыйлар сататын дүңгіршіктер жұмыс істейді.

Айта кетейік, Ақтөбеде «Мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің аймақтық орталығы» ЖШС құрылды. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау, білім, спорт, мәдениет саласында 27 жоба іске асырылуда.

Соңғы жаңалықтар