Ақтөбеде волонтер мемқызметшілер қарттар үйінің тұрғындарына көмектесті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызметшілер Алғыс айту күні қарсаңында Қарттар мен мүгедектер интернат үйіне барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елімізде Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Волонтер жылы аясында Мемлекет басшысының корпоративтік еріктілікті дамыту бастамасын қолдап, бірқатар жұмысты қолға алды. Ақтөбе облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті бұл істен шет қалмады. Бүгін мемлекеттік қызметшілер әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, тұрғындарға кеңес берді, құқықтық көмек көрсетті. Алғыс айту күні қарсаңында заңгерлер, дәрігерлер, Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары барды.

«Әділет департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы және «Азаматтарға арналған үкімет» МК басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреміз. Біз қайырымдылық көмекті азық-түлік, киім және тағы да басқа затты сыйлау мен жеткізуге байланыстырамыз. Алайда кеңес беру - құқықтық көмекке мұқтаж азаматтар санаты да бар. Қарапайым сұрақтарға жауап алу үшін белгілі бір мекемеге жета алмайтындар да бар. Біз осы санатты назардан тыс қалдырғымыз келмеді», - деп атап өтті департамент басшысының орынбасары Рафхат Бисенов.

Іс-шара барысында Мемлекеттік басқару академиясы филиалының лекторлары ұрыс-керістің алдын алу, көңіл-күйді басқаруға қатысты тренинг өткізді. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік жеңілдіктер және мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға арналған мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың соңғы өзгерістері туралы ақпарат берді. Заңгерлер мұрагерлік және жылжымайтын мүлікті тіркеу мәселелеріне орай түрлі дауға қатысты құқықтық көмек көрсетті.

Айта кетейік, департамент қызметкерлері орталық жанынан құрылған халық аспаптар ансамбліне 2 домбыра сыйға тартты.

Соңғы жаңалықтар