Ақтөбеде ветеринарлық зертхана директоры 2 млн теңгеге жуық пара алды деген күдікке ілінді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында ветеринарлық зертхана директоры мен әріптестері пара алды деген күдікпен күзетке алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің Telegram каналында жарияланды.

«Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорыны облыстық филиалының директоры мен осы филиалдың басқа да қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Аталған филиалдың лауазымды тұлғалары аудандық ветеринарлық зертханаларды жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою үшін мердігер ұйымның директорынан жүйелі негізде жалпы сомасы 1 млн 800 мың теңгеден астам пара алды деген күдікке ілінді», - деп жазылған мәліметте.

Агенттік өкілдері күдіктілердің үстінен «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғанын айтады.

Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзін пандемиямен күрес жөніндегі мониторинг тобының өкілі ретінде таныстырып, ойын-сауық орындарынан ақша бопсалаған елордалық күдіктінің ұсталғанын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар