Ақтөбеде үш айдан кейін балабақша тәрбиешілерінің қолына жалақылары тиді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық білім бөлімі бюджетті дұрыс жоспарламай, балабақша тәрбиешілері үш ай жалақы ала алмады. Бюджет балабақшалар алдындағы 61 миллион теңге қарызын бірер күн бұрын ғана өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі балабақша қызметкерлері үш ай бойы жалақы күтіп, шаршаған соң қалалық білім бөлімінен жауабын сұрады. Мектепке дейінгі ұйымдарға жауапты мекеме өз қателігін мойындап, қарызды дер кезінде қайтарғанын хабарлап отыр. «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихаты кезінде Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рустам Әлжанов қарыз түгел өтеліп, жауапты қызметкер жұмысынан босатылғанын жеткізді.

«Ақтөбе қаласы бойынша 87 жекеменшік балабақшада мемлекеттік тапсырыс орындалады. Өткен жылы 19 мектепке дейінгі ұйымға 61,9 миллион теңге қарыз тіркелді. Есептегенде 2017 жылдың қараша айында 8, ал желтоқсан айында 19 балабақша алдында берешегіміз болды. Қазіргі уақытта берешек түгел өтеліп, тәрбиешілер өз жалақысын алды», - деді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Рустам Әлжанов.

Ақтөбе қалалық білім бөлімі балабақша алдындағы қарызын растағанымен, жекеменшік балабақша өз қызметкеріне уақтылы жалақы төлеу міндетін орындамағанын жеткізді. Әкімдік өкілі балашақша тәрбиешісі жалақы алмаса, оған алдымен кәсіпкер кінәлі деп отыр.

«Өткен жылы бюджетті жоспарлау сапасыз жүргізілген. Сондықтан мектепке дейінгі білім беруді және оқытуды қаржыландыруға жауапты бас маман Марат Есенаманов қызметінен босатылды»,- деді Рустам Әлжанов.

Айта кетейік, қалалық білім бөлімі балабақшалар алдындағы берешегін 2018 жылдың бюджеті есебінен өтеді. Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың айтуынша, алдағы уақытта мемлекеттік балабақшалар құрылысы жүрмейді. Бәрі мемлекеттік-жекешелік аясында салынып, мемлекеттік балабақшалар сенімгерлік басқаруға беріліп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар