Ақтөбеде уақытша тергеу қапасы апатты жағдайда тұр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Махамбет Абисатов материалдық-техникалық базаны нығайту үшін бюджеттен 7 миллиард теңге ақша сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет шығыны нақтыланып жатыр. Мәслихатта бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Ақтөбе облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов депутаттарға қаржының қайда, қалай жұмсалатынын баяндап берді. Келер жылы облыстық ішкі істер департаментіне 7,7 миллиард теңге бөлінетін болды.

«Тұтқында отырған адамдар қашып кетпеуі үшін уақытша тергеу қапасына жөндеу жүргізу қажет. Нысан ширек ғасыр бұрын салынған, ескірген. Ғимарат та адамдар сияқты жылдар өте тозады, ескіреді. Кірпіштері сөгіліп жатыр», - деді Ақтөбе облыстық ІІД бастығы Махамбет Абисатов.

Белгілі болғаны, келер жылы полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 7,7 миллиард теңге бөлінеді. Қаржының 4,5 миллиард теңгесі қызметкерлеріне жұмсалып, 3 миллиард теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізуге бағытталады. Террорлық актіге қарсы тергеу изоляторының қауіпсіздігі күштейтіліп, жаңа құрал-жабдықтар сатып алынады. Ал полиция қызметкерлеріне көлік сатып алуға 772 миллион теңге сұралып, 400 миллион теңге бөлінетін болды. Бұл қаржыға 53 көлік сатып алынады. Ақтөбенің бас полицейі көліктер бастықтарға емес, қарапайым қызметкерлерге берілетінін жеткізді.

«Бізде 40 машинаны сатып алуға ақша бөлініп, 80 көлік қолданыстан шығарылған. Нәтижесінде полиция қызметкерлері жаяу жүруге мәжбүр болды. Жаяу жүрген полиция қызметкері жедел әрекет жасай алмады. Әрбір көмек сұраған адамға уақтылы қызмет көрсету мақсаты тұр. Облыс орталығындағы жөндеуге болатын көліктерді қалпына келтіріп, аудан, ауылдарға жібереміз. Біз облыстық бюджеттен қажетті көліктің үштен бірін сұрап отырмыз», - деді Ақтөбе облыстық ІІД бастығы Махамбет Абисатов.

Ал 100 миллион теңге баспанасы жоқ, көшеде қаңғып қалған адамдардың паналайтын интернатына беріледі. Қоғамдық тәртіпті бақылауға көмектескен адамдарға сыйақы беру үшін 2 миллион теңге қарастырылды.

Айта кетейік, қазіргі кезде Ақтөбе облыстық ІІД-де 287 көлік бар.  

Соңғы жаңалықтар