Ақтөбеде Түркиядан келгендерден сынама алған дәрігер ереже бұзғаны үшін жазаланды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде дәрігерлер ПТР сынама алу кезінде санитарлық талапты сақтамады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде шетелден келгендер дәрігерлердің жұмысына наразылық білдіріп, ПТР сынама алу сәтін әлеуметтік желіге жариялап жіберді.

Онда бір терезе арқылы сынама тапсырған адамдар арақашықтықты сақтамаған, ал дәрігер сынама алу ережесін ескермеді.

«Алғаш кезде біз бұл жағдай Ақтөбеде емес деп ақпарат бердік. Өйткені әуежайдан сұрағанда «бізде жоқ» деп айтты. Видеоны зерттей келе оқиғаның А.Досжанова атындағы жатақханада орналасқан каратин стационарында болғанын анықтадық. Жолаушылар Түркиядан келген. Бірқатар бұзушылық анықталды. Медицина қызметкерінде қорғаныш құралы болмады, материал алу техникасы бұзылған. Адамдар әлеуметтік арақашықтықты сақтамаған. Стационардың жауапты аға дәрігері тәртіптік жазаға тартылды. Оған ескерту берілді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бекболат Ізбасаров.

Айта кетейік, бас санитар дәрігердің соңғы қаулысына сәйкес шетелден келгендер карантинге жатқызылып жатыр. Барлығы 495 ПТР тест алынды. Екеуінен коронавирус инфекциясы анықталды. Біреуі - Түркістан облысының тұрғыны. Ол Мәртөк ауданындағы ауруханада ем алып жатыр. Ал екіншісі - Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ол үй карантинінде. Екеуі де Ресейден келген.

«Облыста жағдай тұрақты. Соңғы тәулікте ешкімнен вирус анықталмады. Барлығы 3257 адам вирус жұқтырса, оның 98 пайыздан астамы жазылды. Инфекциялық стационарда 37 науқас ем қабылдап жатыр. Оның төртеуі жансақтау бөлімінде. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған ешкім жоқ. Балалар дін аман», - деді Бекболат Ізбасаров.


Соңғы жаңалықтар