Ақтөбеде тұрғын үйге жауапты шенеунікке қатысты сот отырысы өтуде

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенова мен бұрын халыққа қызмет көрсету қызметінде жұмыс істеген Гүлайым Нұрмұханованың ісі сотқа жетті. Оларға 50-ге жуық адамнан 100 миллион теңге шамасында ақшаны алаяқтық жолмен алды деп айып тағылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін сот алды тыңдауы өтіп, мемлекеттік айыптаушы Дияс Ильясов айыптау қорытындысын оқыды.

Іс материалына сүйенсек, Гүлайым Нұрмұханова мен Жанаргүл Дүйсекенова қызмет барысында танысып, 2014-2015 жылдары аралығында Ж.Дүйсекенова Г.Нұрмұханованы бас маман болып жұмысқа орналасуға шақырады. Бұл қызметке тұруға 2 миллион теңге сұраған. Әрі Батыс-2 ауданынан мемлекеттік бағдарлама арқылы 2 бөлмелі пәтер алуға болатынын айтқан.

«2014-2015 жылы Ж.Дүйсекенова өз ұсынысын тағы да айтып, екеуі келіседі. Кейін қылмыстық жоспар құрып, мемлекеттік бағдарламамен жалдамалы пәтерді кезексіз алатын адамдарды іздейді. Екеуі ұялы телефонмен хабарласпаған, жұмыстың байланыс телефонын қолданған. 2014 жылдың күзінде Г.Нұрмұханова алғашқы адамды тауып, Ақтөбе қаласының тұрғынынан 2,1 миллион теңге алған, пәтерін көрсеткен», - деді прокурор Дияс Ильясов.

Жәбірленушілер пәтер алып беретін адам жайлы бір-бірінен естіп, алданған. Олардың қатарында баспана кезегінде тұрғандар мен кезекке ілікпегендер де бар. Медицина қызметкері, жұмыссыздар бен саудагер, кәсіпкерлер де миллиондап ақша берген.

«Мен 2003 жылы Ақтөбеге көшіп келдім, оралманмын. Сол жылдары пәтер кезегіне тұрғаныммен қалай екені белгісіз құжаттарым жоқ болып кетті. Содан мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беретіндер туралы естідім. Жаңылсын Тілеуова мен мектеп мұғалімі Балзия Омарова келісімшарт әкеліп, мөрін басып берді. Үш бөлмелі, аумағы 120 шаршы метр болатын пәтерді көрсетті. Сеніп 3,8 миллион теңге бердім. Айыпталушылар арасында Г.Нұрмұханованы ғана танимын. Сол үшін мен 2 миллион теңге несие алдым, баламды үйлендіремін деп отырған ақшамды салдым», - деді жәбірленуші Гүлзар Сұлтанова.

Сотталушы Жанаргүл Дүйсекенова өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол мемлекеттік бағдарламамен пәтерлерді заңсыз беру дерегі тіркелмегенін, жәбірленушілердің ешқайсысын танымайтынын алға тартты.

«Мен ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын. Жәбірленушілердің ешқайсысын танымаймын, олардан ақша алмадым, көз жасына қалмадым. Сот материалы бойынша 50-ге жуық жәбірленуші бар. Олардың шығыны 100 миллион теңге жуық деп жазылған. Тергеудің жүріп жатқанына 11 ай болды. Осы уақытқа дейін маған нақты қандай айып тағылғанын түсінбей отырмын», - деді сотталушы Ж.Дүйсекенов.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Еске салсақ, баспана алмақ болған бір топ ақтөбеліктің алданып, миллиондарынан айырылғанын, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенованың қамауға алынғанын бұған дейін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар