Ақтөбеде тұратын өзге ұлт өкілдері Қазақстан халқына ризашылығын жеткізді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 18 этно-мәдени бірлестік бар. 90-нан астам өзге ұлт тұрады. Қазақстан халықтарының бірлігі күні өзге ұлт өкілдері Қазақстандағы бейбітшілік пен татулық, достық үшін алғыстарын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда туып-өскен «Златоблюмен» неміс этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары Палина Пуховикова бұл елден алысқа ұзап кетпейтінін айтып, қазақ халқына ризашылығын жеткізді. Мыңдаған ақтөбеліктің алдында бар сырын айтқан П.Пуховикова басын иіп, алғыс айтты. «Мен үшін бұл мерекенің орны ерекше. Менің ұлтым - неміс. Германияға кетіп, сол жақта тұра алатындай мүмкіндігім болды. Тіпті ол жаққа бардым. Бірақ ол елде мен қонақпын. Германияға көшіп кетіп, бірнеше жыл тұрсам да мен қонақ болып қалар едім. Ал бұл жер менің өз үйім. Бәрі туыс, жақын. Мен Мәртөк ауданының Казанка ауылында тұрамын. Үйімнің ауласында алма бағы бар. Жабырқап, мұңайғанда сол баққа шығамын. Ол жере тыныштық орнаған. Бәрі мені жұбататындай. Мұндай жылылық тек адамның өз үйінде болады екен. Дәл осындай мейірімділік тек туған анаң мен туған жерде бар. Біз осы тыныштығымызды, достығымызды, татулығымызды бағалауымыз керек. Осы елде туып-өскенім үшін алғысым шексіз. Шыдамды, достыққа берік, қонақжай Қазақстанға басымды иемін», - деді П.Пуховикова.
 

Ал 2014 жылы Украинада болған дүрбелең кезінде Қазақстаннан пана тапқан  Иван Дульцевтің отбасы қазір кәсіппен айналысып, ел дамуына үлес қосып жүр.

«Мен украин этномәдени бірлестігінің өкілімін. 2014 жылға дейін Украинаның Луганск қаласында тұрып, халықтың өмірін түбегейлі өзгерткен жайсыз оқиғаның куәсі болдым. Содан бері соғыс дегеннің не екенін білемін. Соғыс үйіңнен, отбасыңнан, болашағыңнан айырады. Сол кезде Қазақстан дәл бұрынғыдай бізді қабылдады. Бұл жер мен үшін ең бай өлке. Бұл жерде бейбітшілік пен тұрақтылық орнаған.  Қазақстанда кәсіпкер атанып, жеке тұлға болып қалыптасуыңа бар жағдай жасалған екен. Қазақ жерінде жұмысқа орналасып, жаңа достар таптым. Мен өзімнің, балаларымның болашағын осы елмен байланыстырамын. Бейбітшілік заман үшін Қазақстан халқына алғыс айтамыз», - деді «Спецтехника» ЖШС директоры Иван Дульцев. 
 

Соңғы жаңалықтар