Ақтөбеде тұрақтандыру қорына көкөніс жиналды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде тұрақтандыру қорына 240 миллион теңгенің өнімі жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі тұрақтандыру қорына көкөніс салынып болды. Ақтөбелік шаруалар қоймаларға 3 мың 600 тоннадан астам өнім жеткізіп берді. Қорда 2 мың 339 тонна картоп, 535 тонна пияз, 419 тонна сәбіз және 319 тонна қырыққабат бар. Бұл былтырғыдан екі есе көп көкөніс. Бүгін өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру жөніндегі комиссия мүшелері көкөніс сақтау қоймасына келіп, қысқы азықтың сапасын тексерді. Картоп, пияз, сәбіз бен қырыққабаттың сапасы тексерушілердің көңілінен шықты.

«Қорға өнімді «СХФ Пригородный», «Болат ЛТД» және «Еламан-2014» ЖШС-і жеткізді. Соңғы екеуі 200 тоннадан картоп тапсырды. Бұл көкөністер жазға шейін молынан жетуі керек. Өнім шаруалардың қоймаларында сақталады. Қазан айының ортасынан бері көкөністерді «Табыс» коммуналды базарында, шағын базарлар мен шағын көтерме сауда дүкендері мен жәрмеңкелерінде сатып жатырмыз. Картоп, сәбіз, қырыққабаттың келісі тұрақтандыру қорынан 67 теңгеден, ал пияз 62 теңгеден жіберіледі. Сатушылар үстемеақысын 15 пайыздан асырмауы тиіс», - деді «Ақтөбе» ӘКК агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік қауіпсіздігі департаментінің бас менеджері Мирамбек Анаров. Биыл тұрақтандыру қорын көкөніспен толтыру үшін 240 млн теңге бөлінді.

Соңғы жаңалықтар