Ақтөбеде триатлон паркі ашылды
2021 жылғы 6 шілде 21:44

Ақтөбеде триатлон паркі ашылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Елорда күніне орай триатлон парк қолданысқа берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ұзындығы 2,5 км құрайтын веложолы бар Триатлон паркі ашылды.

Бұл жерде қала тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын, қоғамдық денсаулық сақтау құндылықтарын насихаттау мақсатында спорттық жарыс та ұйымдастырылады.

Аймақ басшысы тәуелсіздік жылдары облыс көлемінде бұқаралық спортқа жақсы көңіл бөлініп, спорттық шаралар мен салауатты өмір салтын қалыптастыруға жан-жақты жағдай жасалып жатқанын атап өтті. ​ ​ ​ ​ ​

- Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Елорда күніне орай қолданысқа берілген нысан спортсүйер қауымының көз қуанышына айналып отыр. Батыс өңірінде теңдесі жоқ триатлон саябағында жаяу жүргіншілерге, велошабандоздарға және жүгірушілерге арналған жол ел игілігіне пайдалануға беріліп отыр. Алдағы уақытта саябақтың ішін абаттандырып, отырғыштар қойып, түрлі жеміс ағаштарын отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын одан әрі арттыра түсеміз. Бұл саябақта қала тұрғындарының емін-еркін серуендеп, спортпен шұғылданып, жақсы демалуына барынша қолайлы жағдай жасалатын болады,- деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.​ ​ ​

Айта кетейік, Ақтөбе облысында дене шынықтыру және спорт саласы бойынша спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді.

Спорт нысандарының саны 2020 жылы 70 бірлікке өсіп, биыл Байғанин, Темір аудандарында, Хромтау ауданының Ақжар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру қолданысқа берілді.

Сондай-ақ, 2021 жылдың басында «Жұмыспен қамтудың ол картасы» аясында Кірпішті ауылында шаңғы роллер трассасының құрылысы аяқталды.

Бүгінгі күні 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасып жатыр.

Олар: Темір ауданының Кеңқияқ және Шұбаршы ауылдарында, Хромтау қаласында және Хромтау ауданының Көктау ауылында, Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында.

Биыл спорттық нысандардың құрылысы аяқталып, халық игілігіне беріледі.

Ақтөбе қаласының Батыс-2 шағынауданында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған көпсалалы спорт кешенінің құрылысы басталып жатыр.

Қала бойынша қашықтығы 52 км болатын веложол да салынады.


Jańalyqtar

MURAǴAT