Ақтөбеде тозығы жеткен лифт көбейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 16 лифт тоқтап тұр. Олар шұғыл жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы лифт шаруашылығының жағдайы талқыланды. «Атқарушы орган ретінде тұрғындардың қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етілуі қажет. Көпқабатты үйлердің тұрғындары тарапынан жеделсатылардың сапасына қатысты шағымдар түсуде», - деді өңір басшысы Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, 305 көпқабатты тұрғын үйде 605 лифт пайдаланылады. Ондағы 259 лифттің пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен оларды ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«2020 жылы 920 млн теңгеге 100 лифті күрделі жөндеу бойынша өтінім әзірленген. Оның ішінде 16 лифт шұғыл жөндеуді қажет етеді және қазіргі уақытта пайдаланылмай тұр. Тозған лифттерді ауыстыру бойынша түрік инвесторлары ұсыныс білдірген. Алайда олар орнататын лифт көлемі тұрғын үйлердің шахтасына сәйкес келмеген. Сондықтан «Qaz-Bel Лифт« ЖШС, «Жігер« ЖШС, «Могилев Лифт Маш« ЖШС сынды жергілікті кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істеу жоспарланды», - деп хабарлады облыс әкімнің баспасөз қызметі. Сонымен бірге Алға ауданында істен шыққан лифтілер мәселесі бар.
«100 лифтті ауыстыру - үлкен жауапкершілік. Тозығы жеткен лифттерге қатысты аудан әкімдері де нақты ұсыныстар әзірлесін. Қаладағы тұрғын үйлердің жеделсатылары мүмкіндігінше тез арада ауыстырылу қажет», - деп атап өтті Оңдасын Оразалин.


Соңғы жаңалықтар