Ақтөбеде төрт тәуліктен бері қоқыс полигоны бықсып жатыр

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 7 тамызда қоқыс полигоны жанып, қазіргі кезде алаң әлі бықсып жатыр. Мұнда өрт сөндірушілермен қатар, полигон қызметкерлері жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

7 тамыз күні сағат 18:35-те Ақтөбе қалалық қоқыс полигонында өрт шығып, төтенше жағдайлар қызметіне хабарлама түседі. Сол кезде оқиға орнына облыстық ТЖД-ден 6 қызметкер мен екі техника жіберілді. Сонымен бірге, қоқыс полигонына жауапты серіктестік қызметкерлері де жұмылдырылды. Алғашқы күні мың шаршы метр жер өртінді.

«Бүгінде қоқыс полигонындағы тұрмыстық қатты қалдық әлі бықсып жатыр. Әлі де 3 техника мен 14 сөндіруші жұмыс істеп жүр. Ал, серіктестік 10 адам мен 10 техника бөлді. Ешкім өртеп, жаққан жоқ деп есептейміз. Күн ыстық, әйнек күнге шағылысып, от тұтанған болуы мүмкін», - деді Ақтөбе қаласы Астана ауданы ТЖБ бастығы Данарбек Иманғазин.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалалық қоқыс полигонында 10 жану дерегі тіркелді. Қоқыс полигонына жауапты «Табыс Ақтөбе» ЖШС-не 10 хаттама толтырылып, әкімшілік жауапқа тартылды.


Соңғы жаңалықтар