Ақтөбеде төрт ай бұрын пайдалануға берілген мектеп қайта жөнделіп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласы Ақшат ауылындағы орта мектептің жертөлесіне су толып, қайта жөндеуді қажет етіп тұр. Көктем сайын су жиналатын орынға салынған мектеп жанында суағар құрылысы басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен жылдың желтоқсан айында Ақтөбе қаласында екі орта мектеп пайдалануға берілген болатын. Солардың бірі қазір жөндеуді қажет етіп тұр. Арада төрт ай өткенде жертөлесіне су толып, төбесінен су ағып, қасбеті түсе бастады. Бұл олқылық туралы мектеп басшылығы жауапты мекемелерге хабарлап, қызметтік хат жолдады.

«Ақшат елді мекеніндегі орта мектеп 27 желтоқсан күні ашылып, үшінші тоқсанда балалар сабаққа келе бастады. Мектеп жарық, кең. Ал мәселеге келер болсақ, 28 наурыз күні қар еріп, мектеп жертөлесіне су толды. Құрылыс жұмыстарын жүргізген «ТрейтИнтерКом» ЖШС қайта жөндеуді бастады. Күнде осы жерде, бізбен бірге жүр. Олқылықтарды тізбектеп, қызметтік хат жазылды. Ақтөбе қалалық әкімдігі де су арнасын салуға арналған жобалық-сметалық құжат дайындайды. Екі жыл кепілдігі болған соң мердігер компания бәрін өздері реттейді. Ал суға кеткен кезде қалалық әкімдік, білім бөлімі келіп, су сору жұмысы жүргізілді»,- деді мектеп директоры Нұржамал Байдрахманова БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Мектеп жертөлесі балалар демалысқа шыққан уақытта суға толған. Үздіксіз су сорылып, балалар келгенше білім ордасының жертөлесі қалпына келтірілді.
 null 

«Қасбетін қайта жөндеп жатыр. Сонымен қатар, суағарлары дұрыс болмай, су ішке ағып, мердігер компания жөндеді. Төбенің қара қағазын қайта төседі»,- деді мектеп директоры.

Айта кетейік, мектептің құрылыс жұмыстарына «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 800 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2017 жылдың сәуірінде басталып, желтоқсан айында аяқталған. Барлығы 300 оқушыға арналған мектепте қазір 200-ге жуық бала білім алып жүр.

null«Екі жылға кепілдік берген соң бәрін мердігер компания жөндейді. Негізі мектепті қалалық құрылыс бөлімі, техникалық, авторлық бақылаушылар қабылдап алды. Тек мектеп емес, ауыл да сайда орналасқан. Биыл суағарлар, су өтетін жолдар салынады»,- деді Ақтөбе қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Нұрлан Тұрымов. 

Соңғы жаңалықтар