Ақтөбеде тегін дәрі-дәрмекке 1,5 миллиард теңге бөлінді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 80 мыңнан астам адам тегін дәрі-дәрмек алады. Биыл бұған бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге дәрі-дәрмек енді жеткізіліп жатыр. Қазір тегін берілетін дәрілердің бәрі облыс орталығына әкелінді. Апта соңына дейін аудан, ауылдарға апарылады.

«Тегін дәрі-дәрмек үшін бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу өтіп, 1,3 миллиард теңгенің дәрісі қалаға жеткізілуде. Соңғы рет дәрі науқастарға желтоқсан айының аяғында берілген болатын. Бірер күн бұрын «СК «Фармация» ЖШС осы жылдың тапсырысына сәйкес дәріні облыс орталығына жеткізді. Ауа райына  байланысты аудандарға осы аптаның соңына дейін таратылады»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Айгүл Дүйсенбаева.

Айта кетейік, есепте тұрған науқастар, зейнеткерлер мен ҰОС ардагерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері  дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Қала әкімі Ілияс Испановтың есебі кезінде тұрғын Қайырбек Есмұханов инсулиннің тапшылығын айтып, шағымданған болатын. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Айгүл Дүйсенбаеваның айтуынша, қант диабетіне шалдыққан науқастарға арналған инсулин соңғы рет желтоқсан айында, кейін ақпанда берілген. «Науқастарға жыл соңында тағы бір айға жететін инсулин беріледі. Жеткіліксіз болуы мүмкін емес»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар