Ақтөбеде тасқын қаупі бар аудандардың картасы жасалады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде су тасу қаупі бар 20 орын тізімге енген. Енді әр ауданның картасы жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша отырыс өтті.

«Жыл сайын ауа райының күрт жылынуы және қардың тез еруі кезінде су тасқыны қаупі күшейеді. Барлығы су тасқыны кезеңіне жан-жақты әрі тыңғылықты дайындалмаудың салдары деп есептеймін. Су тасқынын болдырмау және оның алдын алу бойынша жұмыстарға үлкен жауапкершілікпен қарау керек», - деп атап өтті өңір басшысы.
«Қазгидромет» РМК Ақтөбе облыстық филиалының мәліметінше, былтырға қарағанда биыл қар көп жауды. Топырақ қабатының қату қалыңдығы 100 жетті.
Ақтөбе облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті әкімдікпен бірлесіп, жалпы саны 1 594 адам, 487 бірлік техника, сыйымдылығы 14 мыңнан асатын 84 орын, 26 шатыр дайындады. Қазір өңірде 20 қауіпті учаскені анықтады. Оның ішінде Ақтөбе қаласында – 10, Ойыл ауданында – 4, Темір ауданында – 2, Әйтеке би, Алға және Мәртөк аудандарында бір-бірден. Барлық ауданның әкімдерін мұқият тыңдаған облыс әкімі былтырғыдай жағдайдың қайталанбауын нықтап тапсырды. Атап айтсақ, 2022 жылы Мұғалжар, Қарғалы, Алға, Байғанин, Ойыл және Қобда аудандарындағы республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды су басуы, яғни, тасқын суының жол деңгейінен асып кетуіне қатысты — 14 жағдай, Байғанин, Ойыл, Қобда және Мұғалжар аудандарындағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды су шайып кетуіне қатысты 9 дерек тіркелген-ді.
Жиын соңында Төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімдеріне барлық проблемалық аймақтарды бақылауға алып, жұмысты жандандыру, арнайы техникалар мен инертті материалдарды қажетінше дайындау тапсырылды.
«Қысқа мерзімде әр аудан бойынша Тәуекелдер картасы жасалуға тиіс. Су тасқынының салдарымен күресуден бұрын алдын алу шараларын іске асыру керек. Бұл мәселе ерекше бақылауда болуы тиіс. Әр аудандағы жағдайға ұдайы мониторинг жасалып отырылуы керек», —деді өңір басшысы.
Жиыннан кейін облыс әкімі Жіңішке өзенін тазарту жұмыстарының барысымен танысты.

ФОТО: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар