Ақтөбеде тағы бір жолды су басты

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Ойыл ауданында жолды су шайды. Жол былтыр жөндеуден өткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында Байғанин, Темір, Қобда, Алға және Ойыл аудандарында қар тез еріп, көпті әбігерге салды. Бұған дейін Байғанин ауданында көпірді су шайып, төрт ауылға қатынас шектелген еді.

Бүгінде Ойыл-Қайыңды жолын су басты.

«Ойыл – Қайыңды автожолының 7 шақырымында еріген су тасыды. Жол төсемесі қалпында. Автокөліктер айналма жолмен қатынауда. 2022 жылы бұл учаскеде орташа жөндеу жұмыстары басталды. Оны биыл аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, екі су өткізгіш құбырды орнату жоспарланған. Ойыл ауданындағы жағдай бақылауда»,-деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңірде су тасқынына қарсы штаб жұмыс істейді.

«6 наурыздан бастап Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында көшелерден, автожолдардан және аула аумақтарынан еріген қар суын сору және бұру бойынша 1097 өтінім қабылданды, барлығы дер кезінде пысықталды. 88 мың текше метрден астам еріген су айдалды. 5,1 шақырым арық тазартылды, 3708 шаршы метр инертті материал әкелінді, 1 900 дана қап төселді. Облыстың елдімекендерінен 512 мың текше метрден астам қар шығарылды. Іс-шараларға 138 ассенизатор, 142 бірлік арнайы техника, 20 мобильді бригада, 650 адам жұмылдырылды. Қазір ерекше бақылауда 4 учаске бар. Онда су сору жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Елдімекендерді су басу қаупі жоқ»,-деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар