Ақтөбеде тағы бір мәйіттік донор отасы жасалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мәйіттік донор операциясы өтті. Бауыр ауыстыру отасын ҚР Ұлттық трансплантология орталығының директоры Жақсылық Досқалиев пен ақтөбелік дәрігерлер жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Туған жер» форумына келген Ұлттық трансплантология орталығының директоры Жақсылық Досқалиев бүгін бауыр ауыстыру отасын жасады. Таңғы сағат 5:00-де басталған ота түстен кейін аяқталды. Ақтөбе медициналық орталығында өткен отаны жергілікті дәрігерлер академик Жақсылық Досқалиевтің көмегімен жасады. Бұл өңірде өткен мәйіттік трансплантацияның екінші отасы болғанымен, бауыр алмастыру бойынша алғашқы операция.

«Ақтөбе медициналық орталығында 47 жастағы ер адамның бауыры ауыстырылды. Мәйіттік донор бойынша бауыр ауыстырудың алғашқы отасы жасалып отыр. Донордың кім болғаны айтылмайды. Бізге академик Жақсылық Досқалиев көмектесті. Ота сәтті өтті. «Туған жер» форумы аясында Ақтөбеде тағы бір ота жасалады. Ол ертең Оңтүсік Кореядан келген дәрігер Кванг Вунг Лидің көмегімен өтеді»,- деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс хирургі Ерлан Сұлтангереев.

Еске салсақ, Ақтөбеде кореялық дәрігерлердің көмегімен 25 бүйрек, 9 бауыр ауыстыру отасы жасалды . 

Еске салайық, Ақтөбе облысында алғашқы мәйіттік трансплантация бүйрекке жасалған болатын. Бірақ ақтөбелік дәрігерлердің қайтыс болған Серікболсын Көшербайдың қос бүйрегін рұқсатсыз алуына қатысты кейін дау шыққан еді. Жігіттің туған-туыстары наразылық білдіріп, азаматтық арыз түсірді. Кейін арызды қайта алып, іс қысқартылды.

 

Соңғы жаңалықтар