Ақтөбеде табысты арттыруға бағытталған 2 мыңнан астам жоба іске асуда

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада өткен «Aktobe Investment-2022» VII халықаралық инвестициялық форумында аталған өңірдің бизнесті жүргізудегі артықшылықтары, инвестиция құюға перспективалы салалар мен жобалар таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы іске асып жатыр. Мақсат - өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру және мал мен құс санын арттыру. Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлікті дамыту. Қазір «Ауыл аманаты» бойынша облыстағы 12 ауданның 24 ауылдық округінде 2 мыңнан астам жоба іске асырылуда. Жобаны қаржыландыруға биыл республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлінді. Келесі жылы бөлінетін қаражат көлемі ұлғаяды. Жоба іске асып жатқан ауылдардан келесі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер күтіледі. Жұмыссыздық деңгейі 41,4%-ға төмендейді, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың үлесі 49,3%-ға азаяды. Одан бөлек, отбасының орташа табысы 192%-ға артады», - деді Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов елордада өткен «Aktobe Investment-2022» VII халықаралық инвестициялық форумда.

Әкімнің айтуынша, ақтөбеліктер «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлай несие алуына болады.

«Жобада тауар несиесі қарастырылған. Мысалы, жобаға қатысушы несиеге мал алады, кейін оны ақшалай емес, мал басымен қайтарады. Өңірдің ауыл шаруашылығы өндірушілері 6 мыңға дейін мал басын несиеге беруге дайын», - дейді ол.

Сондай-ақ, өңір басшысы биыл қарашада елімізде алғаш рет шағын жинақты мектептерді қолдауға бағытталған «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасының іске қосылғанын тілге тиек етті.

«Мемлекет басшысының жоғары білім беру жүйесін қайта реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің базасында Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орны Heriot-Watt University-нің филиалын ашу жоспарлануда», - деді Е. Тоғжанов.

Айта кетсек, инвестициялық халықаралық форумға еліміздегі кейбір шетел елшілері мен шетелдік инвесторлар қатысты.

«Біз Ақтөбеде магистральдық электр желісін цифрландырумен айналысатын компанияның болғанын қалаймыз. Цифрландырусыз болашақта бизнесті дамыта алмаймыз. Технология дамыған заманда магистральдық электр желілері - бұл энергия беруді жеделдететін арна. Біз тек энергия өндірісіне ғана емес, оның басқа саласына инвестиция салуымыз керек. Ақтөбе өңірі барлық талаптарға сай келеді», - деді Италияның ҚР-дағы елшісі Марко Альберти.

Итальяндық «Arm Wind» компаниясының басшысы Алекс Стиллавато Ақтөбеде ынтымақтастықтың жаңа жолын қарастыратынын айтты.

«Бізде Ақтөбеде екі жел электр станциясы және Түркістанда салынып жатқан зауыт бар. Қазір біз Қазақстанның басқа да салалары мен өңірлерінде жаңа жобаларды дамытқымыз келеді. Қазақстан - негізгі географиялық серіктес. Өткен жолы біз әкіммен біраз жайтты талқыладық. Біз ынтымақтастықтың жаңа жолын тапқымыз келеді», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар