Ақтөбеде сұйытылған газды шетел асырмақ болғандардың алғашқысы тұтқындалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе сұйытылған газды шекара асырмақ болғандардың алғашқысына бүгін тұтқындау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілді. Газ тапшылығы мәселесі бойынша алдымен «ГолдСтеп» серіктестігінің директоры Берік Есенов ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Екі апта бұрын Ақтөбе қаласындағы қаладағы газ құю бекеттерінде газ тапшылығы тіркеліп, мәселе Үкіметке жеткен болатын. Ал бүгін сол іске қатысы бар деген күдікпен «ГолдСтеп» серіктестігінің директоры Берік Есенов ұсталды. Екі баланың әкесі бұрын сотталмаған, істі болмаған. Сот отырысына ол ауруханадан жеткізілді. Созылмалы бауыр ауруына шалдыққан күдікті бұдан әрі тергеу изоляторында жата алмайтынын айтып, кепілге 4 миллион теңге салуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді. Ал мемлекеттік айыптаушы Гүлнар Артықова қамау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялауды сұрады. Себебі, ішкі нарыққа арналған газ Ресей мен Ауғанстанға жіберілмек болған.

«Голд Степ» серіктестігінің директоры Берік Есенов сыбайластары «Газ Импекс» серіктестігімен бірге ішкі нарыққа арналған газды шетел асырмақ болған. Атап айтар болсақ, осы жылдың 14-ші ақпаны күні «Газ Импекс» серіктестігі «Парасат ЛТД» компаниясымен келісім шартқа отырады. Жылына 15 мың тонна газды Ауғанстан еліне жеткізбек болған. Әр тоннасы - 315 доллар. Сонымен қатар, 10 ақпан күні «ГазИмпекс» серіктестігінің директоры Байбекова Ресейдің «Аман» компаниясымен келісім шартқа қол қояды. Пропан-бутан газының 1 мың тоннасын сатып алуға келіскен. Жалпы сомасы 23 миллион 500 мың рубль болады»,- деді мемлекеттік айыптаушы Гүлнар Артықова.

Газ шекара асып үлгермеді. Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті сұйытылған газ құйылған цистернаны Жіңішке станциясынан анықтайды. Сұйытылған отынды «ГазИмпекс» компаниясы Ауғанстанға жібермек болған. Сонымен қатар, №2 Ақтөбе станциясында газ желілік ұйымы тағы 6 цистерна газды «АзГазЛогистик» серіктестігінің аумағына жеткізіп қояды. Кейін теміржол арқылы «Позитив» серіктестігіне жеткізілген. Ресейге шекара асыруға жалған құжаттары жинақталған. Бұл деректі естіген күдікті айыптау қорытындысымен келіспеді

«Мен мемлекеттік айыптаушы айтып тұрған адамдарды танымаймын, тіпті бірінші рет естіп тұрмын. Мен бұрын сотталмадым, заң бұзған емеспін. Бұл жерде маған тағылған айыпты негізсіз деп ойлаймын. Алғашқы күннен бастап тергеуге қатысып, жан-жақты көмек беремін деп айта аламын. Өз түсініктемемде сұйытылған газды сатумен айналысатын қызметкерді айттым. Олардан жауап алынбады. Тек мені тұтқындады. Мен қоғамға ешқандай қауіп төндірмеймін, қашпаймын. Мені кепілмен бостандыққа шығаруды сұраймын. Кәмелет жасқа толмаған екі балам бар. Денсаулығым тергеу қапасында отыруға жарамайды»,- деді күдікті Берік Есенов.

Күдіктіге Қылмыстық кодекстің «Экономикалық контрабанда» бабы бойынша айып тағылып отыр. Судья Әділова Берік Есеновтың уәждерін негізсіз деп тауып, 2 айға қамау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Оның кінәсі толық дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар