Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығының туындауына себепкер - мұнай компаниясы

None
None
 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде бір аптадан бері сұйытылған газ тапшы. Бұған газ өндіруші «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның төлемді алдын ала 100 пайыз талап етуі себеп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы мәселесі өткен жылдан бері шешімін таппай келеді. «Жазда жүргізушілер салқындатқышты жиі қолданып, қосымша шығын болады» деген жергілікті билік көктемде газбен жүретін көліктер санының 54 пайызға артқанын айтып отыр.

«Газбен жүретін көліктер өткен жылмен салыстырғанда 54 пайызға артты. Сонымен қатар, газдың басым бөлігін өндіретін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 100 пайыз алдын ала төлем жасауды талап етіп отыр. Газ алатын мекемелер, яғни жеткізуші компаниялар талон жүйесіне көшті. Олар да газ сатып алу көлемін сақтап қалу үшін алдын ала сатып, қаржыны жинап алған. Сондықтан газ тапшылығы, газ құю стансаларында кезек пайда болды»,-деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жанат Жұбанышев.

Ақтөбеде мемлекеттік көліктің барлығы газбен жүреді. Ал қазір мемлекеттік сатып алу жүріп жатыр. Бұл фактор да газ тапшылығына әсер етіп отыр.
null 

«Өткен айда бензин қымбаттап, дизельді отын бағасы өсті. Бұл газбен жүретін көліктер санының артуына себепкер болды. Бізде келіп, кетіп жатқан көліктер де бар. Олар да газбен жүреді, сұйытылған отын тұтынады. Мәселені шешу үшін әкімдікте үлкен жиналыс болды. Айдың соңын дейін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қолма-қол ақшамен алатындар үшін қосымша 80 тонна сұйытылған газ бөлетін болды. Сонымен қатар, 100 пайыз алдын ала төлем жасау шартын алып тастау бойынша келіссөздер жүріп жатыр»,- деді  Жанат Жұбанышев.

Айта кетейік, наурыз айына Ақтөбеге 5 мың 200 тонна сұйытылған газ беріледі деген жоспар бар. Ақтөбе қаласына газ жеткізетін «Голд Степс», «АзГазЛогистик» ЖШС тексеріліп, күніне 110 тонна газ сатылатыны анықталды. Өңірдің бар қажеттілігін өтеу үшін айына 7 мың тоннадан астам сұйытылған газ қажет екен. Бұл түйткілді мәселенің шешімін тек Энергетика министрлігі таба алады. 

Соңғы жаңалықтар