Ақтөбеде сұйытылған газ бағасы қымбаттады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы сезіле бастады. Қазіргі уақытта сұйытылған газ құю бекеттерінде баға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында ай сайын 9 мың тонна сұйытылған отын алуға рұқсат бар. Ал негізгі сұраныс 11-12 мың тоннаға жеткен. Әлеуметтік сұйытылған отын лимиті таусылған кезде газ биржадан алынады. Биржадаға баға қымбат, сәйкесінше газ құю бекеттерінде баға көтеріліп, талон тәртібі енгізіліп жатыр.

«Тұтынушылардан шағым түсті. Газ талонмен сатылған және баға көтерілген. Сонымен қатар газ жеткізушілер жекелеген жанар-жағармай құю бекеттеріне басымдық беріп, кейбірімен келісімшартқа қол қоюдан бас тартып отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті заң талаптарының бұзылғанын анықтап, компанияларға хабарлама жіберді. Хабарлама алған сәттен бастап 10 жұмыс күн ішінде қателіктерді жою міндеттеледі. Егер хабарлама орындалмаған жағдайда, субъектіге қатысты тергеу тағайындалатын болады», - деді Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Хайдар Ермашев.

Қазір облыста 150-ге жуық газ толтыру станциясы бар. Газдың бөлшек саудадағы бағасы 55-70 теңге аралығында болып тұр. Мемлекеттен бөлінетін арзандатылған әлеуметтік мұнай газының бағасы 1 тоннаға 43 345 теңгені құрайды.

Департамент газ құю бекеттері мұнай газының бөлшек саудадағы бағасын зерттеп, кейбір газ толтыру бекеттеріндегі талонмен сатуды қаншалықты заңды екенін анықтайды.

Соңғы жаңалықтар