Ақтөбеде сұйытылған газ бағасы 10 теңгеге арзандап кетті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде сұйытылған газдың литрі 41-43 теңгеден сатылып жатыр. Өңірде құрылған арнайы штаб газ тапшылығы мен бағаның қымбаттауына байланысты тексеру жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде сұйытылған газ мәселесін шешу үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен арнайы штаб құрылды. Штаб құрамына ҚР Энергетика министрлігінің өкілі мен құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар, газ тарату, сатумен айналысатын кәсіпкерлер кірді. Олар зауыттан тұтынушыға дейінгі аралықты  тексеріп, кейбір таратушы, жеткізуші компанияның бағаның өсуіне әсер еткенін анықтады.

«Сұйытылған газды тарату, жеткізу кезінде жүйелі мәселелерді анықтап, оның шешу жолдарын іздедік. Бірнеше фактор тапшылыққа, бағаның өсуіне кері әсерін тигізген. Мәселен, қазіргі уақытта газ таратудың нормативтік-құқықтық актілерін жетілдіру керек. Газ тек арнайы компаниялар емес, газ құю бекеттерімен де зауыттан алынуы тиіс. Сол кезде делдалдар жұмыс істемейді. Екіншіден, өңірде газбен жүретін көліктер саны өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға артты. Яғни, 195 мың көліктің 17 мыңы газбен жүреді», - деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Штаб тексеру жұмыстарынан соң әкімшілік кедергілерді жою, ай сайын бөлінетін квота көлемін 7 200 тоннаға жеткізу қажет деген шешім шығарды. Қазіргі уақытта Ақтөбеге тәулігіне 350 тонна газ жеткізіліп жатыр. Энергетика министрлігі өңірге бөлінетін газ көлемін тағы 2 мың тоннаға өсірді.

Айта кетейік, өңірде сұйытылған газды контрабандалық жолмен шетел асырмақ болғандар анықталып жатыр. Қазіргі уақытта «ГолдСтеп» ЖШС директоры Берік Есенов тергеу қапасында отыр.

«Ауғанстанға шығарылмақ болған сұйытылған газдың жалпы құны 21 миллион теңге. Қазіргі уақытта қосымша тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сот сараптамасы арқылы газдың қай зауыттан алынғаны анықталатын болады. Бұл іс бойынша «АзГазЛогистик», «Голд Степ» ЖШС-і тексеріліп жатыр», - деді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Артур Хайрутдинов. 

Соңғы жаңалықтар