Ақтөбеде суға түсуге қауіпті 220 орын анықталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе өзендеріндегі қауіпті 220 орынға арнайы белгі орнатылады. Ал кәсіпкерлер жағажай ашуға өтініш беріп, қазір өзен түбін тазарту жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде суға түсу маусымы 1-маусым күні басталады. Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 18 жағажай ашылса, оның біреуі коммуналдық болады.

«Құтқару жасағы базасында 88 құтқарушы ерікті оқытылды. Оларға арнайы сертификат берілді. Олар жаз бойы өзен жағасында қауіпсіздікті қадағалайды. Сонымен бірге жыл сайын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп балаларды жүзуге үйрету, құтқару тәсілдеріне машықтандыру қолға алынған. Барлығы 20 бассейнде 1200 бала суда жүзуді меңгерді», - деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті, облыстық Полиция департаменті мен еріктілер жаз бойы жұмыс істейді. Олар қауіпті деп шешім шығарылған 220 орынды ерекше бақылауға алмақ.

«Бұл қауіпті аумақтың бәрі белгіленіп, арнайы ескерту тақтайшалары орнатылады. Кейін 2gis картасына енгізіледі. Сонда кез келген адам қарап, өзіне ақпарат ала алады. Онда жағажайлар туралы да ақпарат сақталады», - деді Қайрат Қасым.

Айта кетейік, былтыр облыста 5 және 6 жастағы екі бала суға батып кетті. Оқиға 2021 жылдың 12-мамыры күні тіркелді. Құтқарушылар жеткенше сол жердегі адамдар 2015 жылы туған баланың денесін жағаға алып шыққан. Оқиға орнына жеткен сүңгуірлер 2014 жылы туған баланың денесін жағадан 3 метр қашықтықтан, 7 метр тереңдіктен тапты. Екі бала да суға шешініп түскен. Суға батып кеткендер бір отбасының балалары емес.


Соңғы жаңалықтар