Ақтөбеде су тасқыны болған екі аудандағы ауылдарда дауыс беру мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбде облысындағы Қобда, Ойыл аудандарында дауыс беру мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қобда ауданындағы Жарық, Ортақ, Қанай, Көкүй, Қоғалы, Сарбұлақ, Байтақ ауылдарының жолы, Егіндібұлақ ауылының көпірін су шайып кеткен. Дегенмен аудан орталығымен қайық арқылы қатынас орнатылды. Кей жерлерде айналма жол бар.

«Қобда ауылында 16, Ойылда 3 сайлау учаскесінде мерзімінен бұрын дауыс беруді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Яғни тұрғындар түгел таңдауын жасаған кезде ғана. Бұл ауылдарда су тасқыны болып, қатынас уақытша шектелді. Сондықтан дауыс беру аяқталған соң хаттаманы төтенше жағдайлар қызметінің арнайы техникасымен аудан орталығына жеткіземіз. Бәрінің жанында полиция қызметкерлері болады»,- деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 525 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 14-і жабық сайлау учаскесі. Облыстағы барлық сайлаушының саны - 562 590 адам. Жасы 18-ге толып, сайлауға алғаш қатысатын азаматтар саны – 3579. ҚР Парламенті Мәжілісіне № 10 бір мандаттық округінен сайлауға 11 кандидат түсті.

«Орталық сайлау комиссиясы сайлауды байқылауға 14 үкіметтік емес ұйымды аккредиттеді. Оның ішінде Ақтөбеде 5 қоғамдық бірлестіктің филиалы бар. Барлығы 2499 байқаушы қазір бақылау жұмысын жүргізіп жүр», - деді Нұрлыбек Жүсіпов.

Соңғы жаңалықтар