Ақтөбеде су басу қаупі басым 38 елді мекен бар

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды. Облыс бойынша 38 елді мекен су басу қаупі басым аумақта орналасқан. Онда 13 мыңнан астам адам тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында үш үлкен су қоймасы бар. Қарғалы, Сазды, Ақтөбе су қоймалары қазір бақылауға алынды. Облыстық төтенше жағдайлар басқармасы алғашқы жиынды өткізіп, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын пысықтады.

«Су басу қаупі басым ауылдар жыл сайын анықталады. Биыл 38 елді мекен бақылауға алынды. Онда 13 мыңнан астам адам тұрады. Егер төтенше жағдай тіркелсе, тұрғындарды көшіруге 87 бекет дайын. Синоптиктердің болжамы бойынша, ақпан айында жауын-шашын мөлшері қалыпты нормадан аспайды. Ал наурыз айында күн жылып, көктем ерте келуі мүмкін»,- деді облыстық ТЖД бөлім бастығы Құмар Тұрмағамбетов.

Айта кетейік, қыс айларында Ақтөбе қаласы мен аудандардан 400 мың текше метрден астам қар шығарылды. Тасқынның алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті әкімдік жанар-жағармай және инертті материалдарды дайындап жатыр. 

Соңғы жаңалықтар