Ақтөбеде студенттерді тегін тамақтандыратын дəмхана ашылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат -  Ақтөбелік кәсіпкер Ербол Байжарқынов студенттерді тегін тамақтандырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Ақтөбеде «Қазақ» асханасы ашылды. Мұнда студенттік билет арқылы тегін тамақтануға болады. Ас мәзірінде сорпа, етті макарон, шай мен қант, нан бар.

«Өзім Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің ІІ курс студентімен. Қызылорда облысынан келіп оқып жатырмын. Жаңа асхананың ашылғаны туралы ақпаратты әлеуметтік желі арқылы естідім. Бұл біз үшін жақсы жаңалық болды. Енді асханаға жиі келіп, тамақтанамыз», - деді студент Бердібек Аманбек.
null

Кәсіпкер күніне 100 студентке тегін тамақ әзірлеп береді. Аспаздар түске дейін, түстен кейін екі рет тамақ пісіреді. Барлығы екі аспаз, екі қамыр илеуші мен еден жуушы еңбек етеді. Даяшылар да жұмыс істейді.

«Студенттерге арналған асханада бес түрлі тағам тегін. Ал өзге адамдарға бәрі ақылы болады. Асхана 8 сағат жұмыс істейді. Ашылған алғашқы екі сағатта 60-тан астам адам келіп, ас ішті. Бәріне алдын ала хабар берілді. Жоғары оқу орындарына ақпараттық қағаз таратылды», - деді асхана әкімшісі Ақмаржан Үмбетова.
null

Айта кетейік, бұл асханада әр сенбі сайын студенттер жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардан бизнесті бастау жолын үйрене алады. «Өз тәжірибеңмен бөліс!» атты кездесу де тегін өтеді.
null

Соңғы жаңалықтар